Жігіттер үшін: Қызыңыздың болмысын түсіне алмасаңыз

Жігіттер үшін: Қызыңыздың болмысын түсіне алмасаңыз

Бүгінде көптеген жігіттерден "қызым маза бермейді", "ұялы телефоныма тыным жоқ", "мені өзіммен-өзімді қалдырғысы келмейді" деген шағымдар естиміз. Ал сол қыздардың неге олай істейтінін білесіз бе?

Бұл жалғандағы кез келген адам өзінің қосағын іздеумен болмаса да, кездестіруге ұмтылады. Көптеген адамның ойынша бар бақыт − өзінің өмірлік жарымен қосылу. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?

Бақыт біреуге дәулет болса, біреуге денсаулық. Басқаларға мансаптың биігіне жетудің өзі шын бақыт. Біреудің туған күніне барсақ, тілейтініміз осы бақыт емес пе?

Қазірде айлап-жылдап қыз іздеп, бір сұлуға кезігіп, оның көңілін табу мақсатында сан түрлі әрекеттер жасап, ақыры соңында "иә" деген жауап алып, жұп болып жатқандардың өз "тарихы" бар. Бірақ сондай жұптардың көбісі дерлік аптасына кем дегенде бір рет болсын шыны-аяқ сындырып тұрады. 

Бірнеше ай өтіп, қыз бен жігіт бір-біріне үйренісіп кеткен соң жаңа "мендік" кезеңіне "пісміллә" деп аяқ басады. Бұл кезеңде қыздың құрбыларының бәрі психолог болып кетеді. Жігіттің құрдастары − ханның қырық уәзірі.

Бұл кезеңде "сынбай" жүрген қыз жігітке мойын бұрып, іздей бастайды. Жігіттің ол қыздан басқа да шаруалары бар: достары, үй іші, сабақ, жұмыс, т.б.  Күні бойы хабарласпаған жігітті қыз іздеп, уайымдай бастайды. Күте-күте жалыққан аруымыз смс-хат жолдайды. Жауап болмаған, не суықтау жауап берген жігіт енді күдікті болары сөзсіз. Қыздың мінезі шыдамсыздау болса, телефонын қолына алып, бар жігерін жинап, жігітке телефон шалады. Міне, осы жерде жігітіміз бос емес болса, не достарының жанында болса, қаталдау жауап береді. Ары қарай не болатынын өзіңіз де елестеткен шығарсыз. Бұдан кейін ренжімей қайтесің... 

Қыздың көңілін аулаған ер жігіт кінәлі ме? Қыздың көңілін ауламаған ер жігіт кінәлі ме?

Бұл орайда қыздың неге мұндай әрекетке баратынын айта кетейік. Негізінде, жігітке шынайы көңілі бар сұлу өмірін түгелдей дерлік сол жігітпен байланыстыра бастайды. Өзінің бастапқы мақсат-мұраттарын ұмытып, жігітінің ыңғайына жығылады. Егер қыз бала жігіт таңдаса, сол таңдауына үлкен жауапкершілікпен қарауға тырысады. Яғни, болашағын жігітімен байланыстыра бастайды. Жігітінің міндеріне мән бермей, құрбыларына, туысқандарына, жақындарына оның тек жақсы жақтары мен әдеттерін айтады. Сонымен, бүкіл өмірін осы жігітке арнауға бел буған қыз неге ол жігітті іздемейді?

Қорыта келгенде, жігіттерге мұндай жағдайға қалмау үшін сыр ашайық. Егер сіз қызыңызға жеткілікті назар аударсаңыз, яғни, ол іздемейтіндей жағдай жасасаңыз, ешкім де сіздің мазаңызды алмайды. Ол дегеніміз, күніне қырық рет хабарласып тұру емес. Таңертең аруыңызға "қайырлы таң" деп хат жолдап, бүгінге сәтті күн тілеп, кешкісін хабарласатыныңызды айтып қойсаңыз, ақылы бар қыз сол кешке дейін сабырмен күтіп, өз тірліктерімен айналысады. Бірақ! Кешкі уақытта хабарласып, хал-жағдайын біліп қоюды ұмытпаңыз! Әйтпесе, қыздың "қаһарына" қалып, тағы ренжісіп қалуыңыз ғажап емес.

Әйел адам ерінің көңілінде екенін әрқашан іштей сезеді! Жұптарыңыз жазылмасын, ал әлі бақытына жолықпаған жандарға айтарымыз, болашақта теңіңізді кездестіресіз, күмәнданбаңыз!

Оқи отырыңыз:

Ақылды әйел және дана әйел

Ер адамға ойыңызды дұрыс жеткізе біліңіз

Жігіттерге арналған жаднама

Автор: Фариза Әбілова

Сурет: Дарья Лапина

Ф. Абилова