Қызым "Джастин Биберге тұрмысқа шығамын" деді

Қызым "Джастин Биберге тұрмысқа шығамын" деді
Фото: journeysaremydiary.com

Арман алысқа жетелейді. Көп адам армандай білмегендіктен адасып жатады. Сіз армандай аласыз ба? Балаңыз ше? Баланың арманына ата-ана қалай жауап беру керек? Осы сұрақтардың жауабын психолог Динара Болаттың жазбасынан таба аласыз. 

Ауылда өстім. Тек армандарым биік болды.

... Мал қайырып жүргенде ылғи көкжиектен маған қарай ұшып келе жатқан қызыл тікұшақты көретінмін. Үш сиырдың бірі айғыр секілді жеткізбей шаба берсе де, өкпем өшіп шалдықсам да ойымдағы менің қызыл тікұшағым маған қуат беретін. Әрине, бұл ойлар ешкімге айтылған жоқ. Айтылмағаны да жақсы болған шығар. Әйтпесе, ерекше ойларым мен қиялымды стереотипті ойлайтын үлкендер күл-талқанын шығарар ма еді. Әйтеуір, батыл армандарым мен ерекше ойларым аман қалып, миыма сыйып, менімен бірге өмір сүргендігі қандай жақсы болған. Сіздерге де айтарым, айналаңыздағы, қол астыңыздағы балалаларыңыздың ойы мен қиялына ешқашан күмән келтірмеңіздер. Сөкпеңіздер, келеке етпеңіздер.

Мүмкін еместі айтпаңыздар! Бәрі мүмкін! Мәселен, менің қызым бірде өзінің ғалым болғысы келетінін айтты. "Қызым, сенің сабағың кілең бес емес, сенен ғалым шықпайды ғой" демедік. Бұйырса, болатындығын айттық. Болашақта үлкен сарайда тұратындығын айтты. "Әрине, тұрасың!" дедік. Бірде Криштиану Роналдуға тұрмысқа шыққысы келетіндігін жеткізді. Мұнысына: "Өзің қара. Тек Криштиану сенің папаңмен құрдас",- дедім. Оны қойып, жарты жылдан кейін Джастин Биберге тұрмысқа шығамын деді. Бір айдан кейін онымен тек дос боламын деді. Мейлі ғой. Баланың ойы, армандары өзгере береді. Тек сол баланың батыл ойлары мен армандарының оның санасына сыюына мүмкіндік беру керек. Баланың масштабты ойлауға дағдылануына жағдай жасау керек. Бала кезінен мүмкін емес дегенді білмей өскен бала болашақта да өзіне нық сенімді болады. Мүмкін емес дегенді білмейтін болады. Мүмкін болғанша қоймайтын болады. Бар әлем, бар ғажап мына біздің санамызда. Санамызға сыйған, өзіміз қабылдаған армандар ғана шынға айналады. Осыны ұмытпаңыздар! 

Динара Болаттың фейсбуктағы парақшасынан алынды

Р. Роза