Елімізде су саласын дамытудың жоспары әзірленіп жатыр

Қазақстанда су саласын дамытудың кешенді жоспары дайындалып жатыр. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстанның су кеңесінің отырысында белгілі болды.

Кешенді жоспарды дайындап жатқан – елдің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Ведомства басшысы Серікқали Брекешевтің айтуынша, трансшекаралық өзендерді реттеу бойынша Қазақстанның ұстанымын нығайту үшін әрі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту мақсатында 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдама дайындалып жатыр. Сондай-ақ министрлік қазір жаңа Су кодексін де әзірлеп жатқан көрінеді.

Бұл тұжырымдама аясында агроөнеркәсіп өкілдеріне суды үнемдеудің жаңа технологияларын пайдалануды ынталандыру тетіктері енгізу, су шаруашылығы инфрақұрылымдарын жөндеу және жаңғырту, су қоймаларын жаңарту, суару каналдарын цифрлық есепке алу сынды жұмыстар атқарылмақ.

Сондай-ақ министрлік су шаруашылығы саласында ғылыми ізденістерді қолдауды да көздеп отыр. Су шаруашылығыы ғылыми-зерттеу институтын күшейтіп, оны су ресурстары проблемалары жөніндегі салалық ғылыми орталыққа айналдыруды жоспарлап отыр. Соның арқасында жаңа кадрлар дайындалады.

Премьер-министр аталған тәсілдерді қолдап, әр бағытты сапалы пысықтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов саланы дамытудың жаңа жоспарын әзірлеуді жеделдетуді және оны осы жылдың қараша айында қарауға енгізуді тапсырды.

"Су үнемдеуді ынталандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу, кезең-кезеңмен су қоймаларын реконструкциялап, салу қажет. Міндетті түрде су ресурстарын басқаруды цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты кеңейту маңызды, себебі бұл – осы саладағы тиімділікті арттырудың негізгі әдістерінің бірі", – деді Әлихан Смайылов.