Әскери медицина қызметкерлері жедел медициналық көмек көрсету курсынан өтті

Алматыда орналасқан Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарайтын Әскери медицина орталығы базасында "Жарақат кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету" (International trauma life support) атты кезекті біліктілікті арттыру курсы өтті. Бұл курс жыл сайын АҚШ Қорғаныс министрлігімен 2017-2022 жылдарға арналған бесжылдық ынтымақтастық жоспарына сәйкес өткізіліп келеді.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарайтын Әскери медицина орталығы – ТМД аумағында аталған бағдарлама негізінде сертификатталған алғашқы әскери-медициналық мекеме. 2019 жылы орталық халықаралық сертификаттаудан өтіп, Жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету халықаралық ұйымының (АҚШ) тәуелсіз филиалы мәртебесін иеленген.

Оқу барысына қажетті көрнекі оқыту құралдар, манекендер, ақпараттық және шығын материалдарымен толық қамтамасыз етілген. Нұсқаушылардың жеке сабақ беруіне құқығы бар халықаралық сертификаттары бар.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы дәрігерлік құрамның, орта медициналық персоналдың біліктілігін арттыру мен курстық дайындық жөніндегі қосымша білім бағдарламаларын іске асыратынын атап өту қажет. Жыл сайын оқу мекемесінің өзінде де, көшпелі  цикл кезінде де 900-ға жуық Қарулы Күштердің, Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен азаматтық персонал тыңдаушылар білім алады.