Мүгедектігі бар жандарға арналған 8 оңалту орталығы салынады

Мүгедектігі бар жандарға арналған 8 оңалту орталығы салынады
Фото: gov.kz

Еліміздегі 8 облыста мүгедектігі бар тұлғаларға арналған оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов төрағалық еткен жергілікті атқарушы органдармен кеңес барысында айтылды.

Қазақстандағы 5 облыста мұндай орталықтар жоқ, ал 3 облыста төсек-орындар жетіспейтіндіктен, тиісті мекемелерге қосымша қажеттілік керек.

Орталықтардың құрылысы үшін қазірдің өзінде аумағы 5 гектарға жуық жер телімдері бөлінген. Әкімдіктер ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген үлгілік жобалық-сметалық құжаттаманы бекітуді күтуде.

Құрылыс кезеңінде мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту қызметтерімен қамтуды қамтамасыз ету үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, әкімдіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде орталықтарды ашуға жергілікті бюджеттерден қаражат қарастыру туралы ұсыныспен хат жолдайды.

Бүгінгі таңда республикада 40 оңалту орталығы бар, оның 12-сі биыл іске қосылды. Бұл қамту ауқымын 42%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты, 1,5 мың қосымша төсек-орын пайда болды.           

Жаңа орталықтардың құрылысы стационар жағдайында оңалту қызметіне мұқтаж барлық мүгедектігі бар тұлғалардың қажеттілігін өтейді. Қазіргі уақытта оңалту орталықтары жоқ аймақтарда күндізгі емдеу бөлімінде және үйде қызмет көрсетіледі.

Н. Үсенова