"Қазақ тілді интернет ресурстардың өзекті мәселелері" атты онлайн сараптамалық кездесу өтті

Қазақ медиасы қай бағытқа барады? Жаңа медианың жаңа мүмкіндіктері қандай? Сайттар саны артқанмен, сапасы жақсаруда ма? Жуырда "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорының ұйымдастыруымен "Қазақ тілді интернет ресурстардың өзекті мәселелері" атты онлайн форматта өткен сараптамалық кездесуде осы мәселелер талқыланды. 

Онлайн өткен кездесуге отандық БАҚ саласының бас редакторлары мен медиа сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, саясаттанушы және еліміздің қоғам қайраткері Айдос Сарым, "Қазақ үні" газеті және порталының жетекшісі Қазбек Иса, "Massaget.kz" порталының бас редакторы Өмірбек Сансызбаев, "Baq.kz" сайтының бас редакторы Мөлдір Асқар, "BariBar.kz" порталының бас редакторы Димаш Зиядин, "Атырау-Ақпарат" холдингінің өкілі Ерлан Мәжік және "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры бас директорының кеңесшісі Қайнар Ахетов қатысты.

Сараптамалық кездесуде қазақ тілді интернет ресурстардың дамуы, соның ішінде порталдар мен сайттар контентінің сапасы сөз болды.

2009 жылы Қазақстанның интернет кеңістігінде бар болғаны 6 сайт қазақ тілінде болған екен (abai.kz, egemen.kz, jasqazaq.kz, qazaquni.kz, turkystan.kz, zamandas.kz). Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін қазақ тілді сайттардың, порталдардың саны өсті, ал сапасы ше?

Кездесу барысында сарапшылардың басты назары қазақ тілді БАҚ-тың контенті және оның даму мәселелерінде, пайдалы контентінде, сайт редакцияларының өз аудиториясын зерттеу жолдарында болды.

Онлайн форматта болған кездесудің бас сарапшылары Қазбек Иса және Айдос Сарымның пікірінше, отандық сайттардың көрсеткіштерін анық әрі дұрыс көрсете білетін "Ұлттық өлшегіш" құралын құру керек. Сонымен қатар, қоғамдық пікірдің соңынан еріп жүру емес, қоғамдық пікірді өзгерту басты бағыт. Сол себепті қазақ тілді интернет ресурстрадың редакциялары аудиторияға "өтімді" жаңалықтарды ұсынып, аудиторияға бейімделу процесінен кетуі керек.

Айдос Сарымның сөзіне сүйенетін болсақ: "Неге билік қазақ аудиториясымен сөйлескен кезде негізінде рухани, қоғамдық үлкен дүниелерді айтады да, ал қоғамға қатысы бар үлкен дүниелерді орыс тілінде айтады? Мысалы, зейнетақы қанша пайызға өсті, экономиканың қандай үлкен бағыттарында өзгерістер болады, инвестициялық саясат қандай болады. Осындай тақырыптарды неге орыс тілінде береді? Ал өз аудиториямызға осы тақырыптарды қаншалықты қызық етіп жеткізуге тырысудамыз?.. Өзім қазақ басылымдарын жиі оқитын оқырман ретінде айтарым, экономикалық тақырыпта жазылып жатқан ақпараттар, сараптамалар да пайда болып жатқан сияқты. Жақсы-жақсы қазақ тілді экономист, заңгер, эколог басқа да азаматтар пайда болып, заманауи тілде, барынша қазақыландырып ақпаратты беріп жатқан да сияқты. Бірақ жағдайымыз жаңағыдай..."  

Ал, еліміздің жастары арасында танымал "Massaget.kz" порталының бас редакторы Өмірбек Сансызбаевтың сөзіне сүйенетін болсақ, кез-келген редакция өз оқырмандарына зерттеу жасауы шарт. Сайтқа сараптама жасаудың 3 өлшемі бар: маркетингтік, редакциялық, әлеуметтік желі арқылы.

"Baq.kz" ақпараттық порталының бас редакторы Мөлдір Асқардың айтуынша, бүгінде тек қазақ тілінде ақпарат тарататын сайттардың, соның ішінде жаңалықтар редакцияларының тілшілері "аудармашы" қызметін қатар алып жүреді. Себебі ресми жиындарда, баспасөз конференцияларында баяндамашылар баяндаманы орыс тілінде оқиды. Бұл тілшілердің порталға жаңалықтарды шұғыл салу процесін баяулатады.

Жалпы кездесудің келесі маңызды қорытындыларын атап өту маңызды:

1. Мемлекеттік тілдегі ақпараттың сапасын арттыру (оның ішінде баспасөз қызметтерін кадрлық қамтамасыз ету), мемлекеттік тапсырысты реформалау, сондай-ақ бәсекелестікті ынталандыру бөлігінде қазақ тілді медиа сегментін дамытуды институционалдық-заңнамалық қолдауды орынды деп санаймыз.

2. Бәсекеге қабілеттіліктігін арттыру және БАҚ-тың маркетингтік әлеуетін арттыру мақсатында тепе-теңдік негізде интернет-ресурстардың танымалдылығының обьективті рейтингін жүргізуге мүмкіндік беретін ұлттық рейтингтік жүйені құру қажет.

БАҚ контентінің атаулылығын қамтамасыз ету үшін өз аудиториясын зерттеудің әртүрлі жүйелерін қолдану керек, бұл олардың маркетингтік тартымдылығын арттырады.

3. Қазақ тілді интернет-ресурстарға азаматтар талап ететін және әлеуметтік пайдалы контентке баса назар аудара отырып, өзіндік ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру орынды.

4. БАҚ кадр саясатына, оның ішінде қазақ тіліндегі сапалы контентті жасаушы мамандарды рекрутингке және қайта даярлауға ерекше назар аудару қажет.

5. Ірі медианы дамытудың тиімділігін арттыру үшін өз күш-жігерін ел өмірінің нақты салаларындағы ерекше мәселелерді жария етумен айналысатын шағын салалық интернет-ресурстарды дамытуға бағыттау керек.

Сондықтан, кездесудің ең басты қорытындыларының бірі ретінде БАҚ-тың осы уақытта интернет-платформаларда белсенді болуының маңыздылығын бөліп айта аламыз. Қазақ редакциялары аудиторияны өзінің артынан ерте білетін ақпараттық майданды және де отандық сайттардың көрсеткіштерін анық әрі дұрыс көрсете білетін "Ұлттық өлшегіш" құралын құру керек. Себебі оқырманның талғамын құрастырушы органдардың бірі – медиа саласы. Мемлекеттік органнан шығатын ақпарат екі тілде қатар, әрі сапалы шығуы керек.

Сараптамалық кездесу әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілді.