"Жас қазақ" ұйымы әр елде өкілдіктерін ашуды жоспарлауда

"Жас қазақ" ұйымы әр елде өкілдіктерін ашуды жоспарлауда

Бүгінде шет елдерде бейресми деректерге сүйенсек, 7 миллион қазақ тұрады. Оның кем дегенде 30%-ы жастар. Жыл сайын мемлекет тарапынан қандас жастарымыздың Қазақстанға келіп білім алуына гранттар мен жеңілдіктер қарастырылып келеді.

2020 жылы білім бағыты бойынша бөлінген гранттар: дайындық бөліміне – 1300 грант (825 адам құжат тапсырып, барлығы грант жеңіп алды, 63% игерілді); жоғары білім алу үшін (бакалавриат) – 2154 грант (ұлттық бірыңғай тестілеуді 2009 талапкер тапсырып, оның 909 грантқа ие болды, 42% игерілді), колледж – 3821 грант (539 талапкер құжат тапсырып, барлығы грант иегері атанды, 14% игерілді).

Гранттардың толық игерілмеуінің себебі ретінде әлемдік пандемия мен шекаралардың жабық болуын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары Қазақстанда 11 жылдық білім алмаған шетелдік қазақ балалары үшін қиындық тудыратыны сөзсіз. Осы және өзге де мәселелерді "Отандастар қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы көтеріп, шешу жолдарын ұсынып келеді. Мәселен, 2020 жылы шетелден Қазақстанға келе алмаған балаларға ҰБТ-ны онлайн тапсыруға мүмкіндік беру керектігін мемлекеттік комиссия алдында қорғап шығып, нәтижесінде шетелдегі қандас жастарымыз тестілеуді онлайн тапсырды. Ескере кететін жәйт, тестілеу қатаң бақылау арқылы өткізілді. Қор қандас жастардың тарихи Отанына келіп білім алуына бар мүмкіндіктерді қарастырып келеді. Бұл – бірінші мәселе.

Екінші мәселе – білім алуға келген қандас жастармен одан әрі жұмыс істеу, олардың қоғаммен тез сіңісіп кетуіне жағдай жасау. Осы мақсатта "Отандастар қорының" қолдауымен "Жас қазақ" халықаралық жастар ұйымы құрылған болатын. Ұйымның мақсаты – қазақ жастарының ортақ платформасын құру. Платформада жастарға қызықты жан-жақты бағыттар қамтылған. Тұлғалық даму марафондарынан бастап, әлемнің кез келген нүктесінде тұратын досыңа сәлемдеме жолдау мүмкіндігін беретін онлайн радиоға дейін бар. "Жас қазақ" командасының басым бөлігі қандас жастардан құралған.

Ұйым Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен "Отандастар қорының" қолдауымен "Киелі Қазақстан" жобасын ұйымдастырып келеді. Жобаның мақсаты – қандас жастарды Қазақстанның киелі жерлерімен таныстыра отырып, олардың бойында тарихи Отанына деген сүйіспеншілікті арттыру. Жоба тұңғыш рет 2019 жылы Ақтау қаласында 10-13 қазан аралығында өткізілсе, Биылғы жылы 20-23 қыркүйекте Шымкент және Түркістан қалаларында екінші мәрте өткізілді. Жобаға жалпы 50-ге жуық шетелде тұратын және Қазақстанда білім алып жатқан қандас жастар қатысты.

Ұйым мүшелері волонтерлікпен де айналысып келеді. Олар осы күнге дейін "Отандастар. Болашаққа бағдар" халықаралық дөңгелек үстелі, этникалық қазақ балаларына арналған жазғы лагер мен жоғары оқу орындарында қандас студенттермен кездесу сияқты іс-шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытты. Алдағы уақытта волонтерлік қызметтің өрісін кеңейту жоспарланып отыр. Елге оралған қандастарға құжат рәсімдеу мәселелеріне көмек көрсету басты назарда болады. Сондай-ақ, қандас студенттер жазғы демалыста өз елдерінде қазақ мәдени орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылуда.

Пандемияға байланысты Ұйым бірқатар жобаларды онлайн форматта өткізді. Осы уақыт аралығында "Жас қазақ" парақшалары Қазақстандағы білім, ғылым, мәдениет және жастар бағыты бойынша соңғы өзекті және шынайы ақпараттарды тарататын медиа-платформаға айналып үлгерді. "Қазақстан қандастар көзімен" ашық диалог алаңында қандас жастар өзін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарды айтып, сұрақтарына мамандардан жауап алды. Ал "Qazaqsha Speaking Club" жобасы қандастарымызға қазақ тілін жетілдіру мүмкіндігін берді. "Q-URPAQ" жобасы арқылы талантты қазақ жастарынан сұхбат алынып, олардың өмірлік тәжірибелері көпке таныстырылды. "Тұлға" айдары арқылы қазақ ұлтының тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалынып келеді. Ал "Мүмкіндік" айдары арқылы түрлі бағыттағы курсттар, марафондар мен гранттар туралы ақпараттар берілді.

"Жас қазақ" ұйымы тек Қазақстандағы қандастармен емес, сонымен қатар, шетелдегі қандас жастармен де байланыс орнату негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Моңғолия, Иран, Франция, Омбыдағы (Ресей) қазақ жастарымен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Иранда "Жас қазақ" ұйымының қолдауымен алғаш рет белсенді қазақ жастарының ұйымы құрылды. Болашақта "Жас қазақ" ұйымының әр елде өкілдіктерін ашу жоспарланып отыр.

Қандас жастармен – болашаққа!   

Алжан Шарипов

"Отандастар қоры" КеАҚ менеджері 

Н. Үсенова