Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмек көлемі артты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай режиміне байланысты тұрмыстық жиынтық пен азық-түлік алатындар тізімін кеңейтті.

Соған орай азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтарымен қамтамасыз ету қағидаларына тиісті өзгерістер енді. Жоғарыда аталған тізімге барлық жастағы III топ мүгедектері мен жұмыссыз азаматтар қосымша енді.

Тұрмыстық жиынтық пен азық-түлік алатын азаматтардың санаты:

– атаулы әлеуметтік көмек алатын 6-18 жас аралығындағы балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді есептемегенде, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді есептемегенде, барлық жастағы I, II, III топ мүгедектері;

– мүгедек баланы тәрбиелеушілер;

– жұмыспен қамту мәселесі бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бастап 180 мыңға жуық адамға тұрмыстық жинақ пен азық-түлік жеткізілді. Мұндай көмек алушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды.

Сонымен бірге Қазақстандағы төтенше режиміне байланысты тікелей қарым-қатынастың алдын алу үшін атаулы әлеуметтік көмек алатындарға жәрдемақы тағайындау шарасы автоматты түрде ұзартылады. Ал бірінші рет өтініш білдірсе учаскелік комиссия байланыс құрылғыларын қолданып тексеріс жүргізеді. Қызмет көрсету нәтижесі туралы ақпарат азаматтың электрон поштасына немесе мессенджер арқылы жіберіледі.

Сонымен бірге төтенше жағдай режимі кезінде азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптамадан «Электрондық үкімет» порталы арқылы өте алады. Соңғы түзетулерге сай, егер қайта тексеру мерзімі бір ай көлемінде немесе төтенше жағдай режиміне тұспа-тұс келген жағдайда, мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу уақыты төтенше жағдай режимі кезеңіне автоматты түрде ұзартылады.

Министрлік мәлімдемесіне сай, төтенше жағдай режимінде мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ және жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесі бойынша жүзеге аспақ.