Қомақты зейнетақы алғыңыз келсе...

Зейнетақы қорына жарна аудармаған азаматтардың зейнетақысы аз болып қалуы мүмкін. Сол себепті лайықты зейнетақы алғыңыз келсе, қазірден бастап қамданыңыз: қордан есепшот ашып, ай сайын тұрақты түрде жарна құя бастаған жөн.

Қазақстанда қазіргі уақытта еңбекке қабілетті адамдардың 4/1 бөлігі өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар санатына жатады. Бұл, шамамен, 1,5 млн адам. Олардың көбі – ауылды жерде тұратындар. Ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс болмаған соң, мал бағу, егін салу, сауда сату, такси жүргізу сынды өзін-өзі қамтитын жұмыстармен айналысады. Ал мұндай жұмыстармен айналысып, нәпақы тауып отырғандардың көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Тіркелген күннің өзінде зейнетақы қорына да тіркеліп, оған да жарна аударып тұру керек дегенді ескере бермейді. Ал зейнетақы қорына жарна аудармаған соң, қомақты зейнетақы алудан да құр қалады. Алатын зейнетақысы аз болып қалуы мүмкін содан.

– Қазақстанда зейнетақы төлеу жүйесінің үш деңгейі бар. Оның біріншісі – базалық зейнетақы мен еңбек өтіліне байланысты есептелетін ортақ зейнетақы. Бұл екеуі де мемлекеттен төленеді. 2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы да еңбек өтіліне байланысты есептеле бастағаны белгілі. Яғни, он жылға дейін еңбек өтілі бар немесе мүлдем еңбек өтілі жоқ азаматтар күнкөріс деңгейінің 54%-ына тең зейнетақы алады. Яғни, ол қазір 15273 теңге болып отыр. Ал 33 жыл еңбек өтілі бар жандар күнкөріс деңгейіне тең зейнетақы алады. Ол қазір – 28284 теңге. Осы базалық зейнетақының үстіне 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есептелетін ортақ зейнетақы деген зейнетақы түрі қосылып беріледі. Егер 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, ең кем дегенде, алты ай жұмыс өтілі бар азаматқа осы ортақ зейнетақы қоса есептеледі. Ал екінші деңгейі – ол міндетті зейнетақы жарнасы. Мұны жұмыс беруші төлейді. Ал жұмысы жоқ жандар өзі зейнетақы қорынан есепшот ашып, жарна аударып отырғаны жөн. Егер зейнетақы қорынан есепшот ашпаған, жарна аудармаған әрі еңбек өтілі жоқ азаматтар мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақыға ғана ие болады. Ол қазіргі таңда, ең кем дегенде, 15273 теңге болып отыр, – дейді «БЖЗҚ» АҚ ШҚ облыстық филиалының директоры Мамыралы Мәмбетов.

Сондықтан келешекте зейнетақысының қомақты болғанын қалаған азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мекемесіне барып, міндетті түрде есепшот ашуы тиіс. Ал жұмыс өтілі көп болған сайын, зейнетақының да сомасы мейлінше көбірек болмақ.

Мәселен, шопан базарға барып он қой сатты делік, саудадан түскен пайда оның табысы болып саналады. Ал келешегін ойлаған шопан он қой сатқан соң, бір қойының қаржысын зейнетақы қорына аударады. Бір аударылған жарна оның бір айлық еңбек өтілі болып саналады.

– Бұл жерде айта кететін бір мәселе бар. Азаматтар зейнетақы қорынан ашылған шотқа ай сайын жарна аударып отыруы тиіс. Яғни, жылына бір не үш-төрт айда бір емес, айына бір рет аударғаны жөн. Бір жылда бір рет аударған қаржысы зейнетақы қоры үшін бір айлық еңбек өтілі болып есептеледі. Әсіресе, мұндай жағдай шаруа қожалық иелері арасында көп кездеседі. Олар өзінің табысын не жұмысшысының табысын бір жылда бір-ақ рет есептейді де, соның 10%-ын зейнетақыға аударады. Оның үстіне, олар ең төменгі еңбекақыны көрсетеді де, соның жарнасын ғана береді. Ал ол шамамен, 2000-3000 теңге ғана. Мұндай жағдайда алатын зейнетақының қомақты болуы екіталай. Сондықтан азаматтар зейнетақы мәселесіне мұқият қараса деген тілек бар, – дейді Мамыралы Жұмабекұлы.

Ал өз-өзін қамтыған, өзі үшін жұмыс істеп отырған жандардың табысы да тұрақты емес екені белгілі. Мұндай жағдайда мамандар қандай да бір ыңғайын тауып, ай сайын өз қалтасынан жарна аударып тұруға кеңес береді. Ол көп қаржы да болмауы мүмкін, бірақ ай сайын түсіп отыруы шарт. Сонда еңбек өтілі де көбейеді, алатын зейнетақының да сомасы өседі.

– Зейнетақы қорына аударылған жарналардың барлығы инвестиция түрінде түрлі жобаларға құйылып, ол салымшының өзіне табыс әкеледі. Ал ай сайын аударылған жарна сол табыстың кепілі, – дейді Мамыралы Жұмабекұлы.