Ұшақ апаты кезінде жүкті әйелді кеудесімен жапқан жігіт марапатталды

Алматыдағы Bek Air ұшағы апаты кезінде жүкті әйелді кеудесімен жапқан жігіт Темірлан Кадауов марапатқа ие болды.

Алматы полициясы ғимаратында ішкі істер министрінің бұйрығымен 23 жастағы Темірлан Қадауовқа "Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін" медалі табыс етілді. Медальді жас батырға қалалық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тапсырды.

- Жас жігіт төтенше жағдайда батылдық көрсетіп, жанында отырған жүкті әйелді денесімен жауып қалды. Одан бөлек, жарақат алғанына қарамастан ұшақтағы жолаушылардың тез арада ұшақтан шығуына көмектесті. Темірлан Қадауов бұл марапатқа әбден лайық. Бірінші кезекте, халықтың батырға деген алғысы, ризашылығы деп түсінген жөн", - деп атап өтті полиция.

Айта кетейік, 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын. 12 адам көз жұмды. 28 желтоқсан күні жалпыұлттық аза тұту күні болды.