Шымкент тұрғындарының саны миллионға жақындады

Шымкент тұрғындарының саны 950 мыңға жуықтады. Жыл басынан бері шым шаһарда 33 мың сәби дүниеге келген. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің мамандары мәлімдеді

Сала мамандарының сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы миллион тұрғыны бар қалаға айналуға дайындалып жатыр. Ал, облыстағы тұрғындардың саны 2 млн 900 мыңнан асып түскен. Биылғы жылдың өзінде аймақта 50 мыңнан аса бала туылған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда, ең үздік көрсеткіш болып отыр. Яғни, елімізде өмірге келетін әрбір бесінші бала күнгей тұрғыны саналады.  

Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге ат қою бойынша оңтүстік Нұрсұлтан есімін жиі қоятынымен ерекшеленіп отыр. Қазірдің өзінде өңірде тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл есім 10265 адамға берілген.