Биыл 31 мың ақтөбелік жұмысқа орналаса алады

Биыл 31 мың ақтөбелік жұмысқа орналаса алады
Фото: www.pkzsk.info

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын жүзеге асыру жоспары Ақтөбеде бірінші жарты жылдықта 50 пайызға орындалды. Халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары аясында жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздар мен өздерін жұмыспен қамтығандардың қайта білім алуына мүмкіндік жасалады. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама арқылы 31 мың ақтөбелік жұмыспен қамтылады, деп жазады Baq.kz.

«Алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша кешенді жоспар 50,2 пайызға орындалды. Дегенмен, аймақтың кей аудандарының көрсеткіші жалпы облыстық деңгейден әлдеқайда төмен. Байғанин, Мәртөк, Ойыл және Шалқар аудандары белгіленген тапсырманы орындамады», - дейді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бақрмасының басшысы Қайрат Омаров.

Тапсырманы орындамай, тиісті көрсеткішке қол жеткізбеген төрт ауданға мәселені шешу үшін уақыт берілді. Мәселені шеше алмаған жауапты мамандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Кешенді жоспар өңір халқының әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды. Оның жүзеге асыру – облыс әкімінің тікелей тапсырмасы. Аудандар 1 тамызға дейін барлық кемшіліктерді дұрыстауы керек. Мақсатқа қол жеткізбегені үшін жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданатын болады», - дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Ақтөбеде қысқа мерзімді оқыту курстарында 840 адам білім алып жатыр. Барлығы да сұранысқа ие мамандықтар бойынша. Ал өз кәсібін бастағысы келетін облыс тұрғындарына жыл соңына дейін жалпы құны 3 миллиард теңгеге жуық шағын несие беріледі. Болашақ кәсіпкерлер аймақтың алты ауданындағы «Бастау-Бизнес» оқыту курсында алдын ала білім алатын болады.

Ж. Өрісбай