Сыбайлас жемқорлыққа қарсы елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі қағидаттары талқыланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі қағидаттары талқыланды
Фото: zhambyl.gov.kz

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның бітеу жарасы. Онымен күресте, кейбір елдер өлім жазасын қолданып, қатаң шаралар қабылдаса, түйені түгімен жұтқандардың қолын шабатын немесе дүре соғатын елдер де бар.

Ал еліміз теріс құбылыстың салдарымен емес, себебімен күресуге, алдын алуға, келеңсіздікке қарсы мемлекет пен қоғамды біріктіруге күш салуда. Бұған өңірімізде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың қатысуымен өткен жиында көз жеткіздік. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі қағидаттары мен оны жүзеге асыру барысы талқыланды. Жиынды ашқан өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев облыс бойынша жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– ҚР Президенті Н.Назарбаев «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасына ерекше көңіл бөліп келеді. «Ұлт жоспарында» көрсетілгендей, мемлекеттік қызмет этикасын арттыру, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шараларын жүзеге асыруда көптеген қадамдар жасалуда. Жылдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жаңа заңдар, мемлекеттік қызметкерге арналған жаңа Әдеп кодексі қабылданған болатын. Аталмыш заңнамалардың уәкілетті орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруда үлесі зор деп білеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және оны аймақтарда жүзеге асыруда облысымызда «дөңгелек үстелдер» мен жиындар, кеңестер тұрақты ұйымдастырылуда, – деп атап өтті Кәрім Нәсбекұлы.

Мінбеге көтерілген облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айжан Көшербаева өзінің баяндамасында аталған тақырып бойынша облысымызда атқарылған шараларға қысқаша тоқталып өтті.

Бұдан кейін ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Қазақстандағы жемқорлық және онымен күрес жөнінде баяндады.

– Елбасымыздың Жарлығымен қабылданған «Ұлт жоспарына» сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты елімізде 59 заң қайта қабылданып, кейбіріне өзгерістер енгізілді. Сонымен қоса, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы» қабылданды. Заңдармен қоса әртүрлі бағдарламалар, соның ішінде, «2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік бағдарламасы», «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы салалық іс-қимыл бағдарламасы» нәтижелі жүзеге асуда. Егер бұрындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты қозғалған қылмыстық істердің саны мен олардың салдарын жоюмен бағаланса, қазіргі таңдағы іс-әрекет жемқорлықтың себеп-салдарын анықтау мен құқықбұзушылыққа итермелейтін жағдайлардың алдын алуға бағытталған, – деп атап өтті ол. Алик Жатқамбайұлы өз баяндамасында сыбайлас жемқорлық туралы нақты деректерге де түсінік берді.

– Қазақстан сыбайлас жемқорлық бойынша әлемде 168 мемлекеттің ішінен 123-орынды иеленіп отыр. Соның ішінде, Жамбыл облысы еліміз бойынша екінші орында. Бұл – біздің қоғамға қауіпті әрі жоғары көрсеткіш. Қазақстан жемқорлық әрекеттер бойынша Ресей және Қытай елдерінің қатарында тұр. Сондықтан, біз жемқорлығы жоқ немесе өте аз Канада, Германия және Финляндия елдерінің қатарына қосылуға ұмтылыс жасауымыз керек. Соңғы тоғыз айда еліміз бойынша 614 лауазымды тұлға қызметін дұрыс атқармағандығы үшін айыппұл төлесе, 837 қызметкердің мүлкі тәркіленді. 1107 тұлғаға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға тыйым салынды. Бұл қуантарлық көрсеткіш емес, – деген Алик Жатқамбайұлы өз сөзінің дәлелі ретінде жемқорлыққа қатысты үлкен қылмыстарды айғақтайтын бейнетаспадан үзінділер көрсетті. Жазбада еліміз бойынша істі болған бұрынғы лауазымды тұлғалардың қылмыстық істері мен олардың түрмедегі тірліктері көрініс тапқан.

Алик Шпекбаев өз баяндамасында басым бағытты әкімдік қызметкерлерінің моральдық-этикалық принциптерді қатаң сақтау керектігіне, әсіресе, Әдеп кодексінде қабылданғандай, сыйлықтың кез-келген түріне тыйым салынғандығына баса көңіл бөлді.

– Құқықтық статистика мәліметіне сүйенсек, жемқорлықтың ең көп тараған ошағы ішкі істер органдары, оның ішінде, жергілікті полиция қызметі, мемлекеттік кіріс органдары мен мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жиі кездеседі. Сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың арасында ішімдік ішу, алдау және пара алу да жиі кездеседі, – деген Алик Шпекбаев жиынға жиналған мемлекеттік қызметшілерге қарапайым сыйлықтың да сыбайластыққа жетелейтінін айтып өтті.

– Сыйлық – сыбайластыққа жетелейді. «Алмақтың да салмағы бар» деген сөз. Түрлі мерекені сылтау қылып адамдар басшыларға сыйлық жасауға, көңілін аулауға тырысады. Бұған енді тыйым салынып отыр. Ал егер сыйлық халықаралық кездесулердің нәтижесінде берілсе оны 7 тәуліктің ішінде жергілікті атқарушы органга тапсыру керек, – деді ол.

Лауазымды басшылар кейде ала жіпті қалай аттағанын аңғармай қалатын секілді. Соған мысал боларлық көрсетілген бейнекөрініс жиынға қатысушыларға үлкен әсер етті. Мәселен, бір шенеунік қарауындағы адамнан 3 мың теңге мен аяққа киетін сүйретпе аламын деп осы әрекеті үшін кінәлі болып, 2 миллион теңге айыппұл төлеген екен. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтен аластатылатын жазасы тағы бар. Өткен жылы 660 шенеунік осындай заңсыз ісі үшін үлкен көлемде айыппұл төлепті. 924-інің мүлкі тәркіленіп, 1210 лауазымды тұлға мемлекеттік қызметпен мәңгілікке қоштасқан. Осындай жайларға тоқталған агенттік төрағасының орынбасары сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке келтіретін кеселі туралы әңгімесінде бейнекөрсетілім, слайдтарды көбірек қолданды.

– Жемқорлықтың мемлекеттік құрылымға, ұлттық қауіпсіздікке келтіретін үлкен қаупі бар. Сондықтан, оның тамыр жаюына жол беруге болмайды. Осы мақсатта республикамызда әлемнің озық тәжірибелері қолданысқа енгізілуде.

Бұрын жемқорлыққа қарсы күрес саясатында қозғалған қылмыстық істер мен зардабын жою мәселесіне маңыз берілетін. Қазір жемқорлық құқықбұзушылықтың себебі, оған жол берудің жайы басым бағыт саналып отыр, – деді сөзінің соңында агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.

Бұдан кейін облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев Астанадан арнайы атбасын бұрған агенттік төрағасының орынбасарына алғысын білдіріп, қоғамның бүгінгі індетімен күрес барынша күшейтілетінін жеткізді.

T. Кіршібаев