Астанада ҚР өңірлерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің қорытынды жәрмеңкесі өтіп жатыр

Үстіміздегі жылы ел тәулсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір - Қуатты Қазақстан» акциясының ұранымен мәдени күндер шеңберінде елордада республиканың барлық облыстарының қатысуымен ауыл шаруашылық өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкелері өтті. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірлік жәрмеңкелерде Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылды.

Елорда әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 3 қырқүйектен 31 қазанға дейінгі кезеңде жалпы сомасы 2 млрд 722 млн теңге болатын 7 412 тонна ауыл шаруашылық өнімдері сатылды және 50-ден аса өнім түрі ұсынылды.

Жәрмеңке өткізілген нүктелер елорданың халық көп жүретін орындарында белгіленді, Оқушылар сарайының автотұрақ аймақтарында, «Хан Шатыр» сауда орталығының қасында және қала әкімдігінің алдындағы алаңда.

Елорданың ауыл шаруашылық басқармасының хабарлауынша, жәрмеңкелерде сатылған ауыл шаруашылығы тауарлары нарықтағыдан 10-15 % төмен бағамен ұсынылды. Тауар бағалары нарықтағы жағдаймен салыстырыла отырып, тиісті өңір өкілдерімен келісілген түрде белгіленгенін айта кету керек. Мысалы, сиыр еті килограмы үшін 1000-1100 теңге аралығында болса, қала бойынша орташа баға - 1200-1250 тг/кг, сүт бағасы бір литр үшін 170 теңге, қала бойынша орташа бағасы 195-200 теңге. Тауық жұмыртқасы он данасы үшін 200 теңге тұрса, қала бойынша 250-300 теңгеден сатылады. Жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы килограмы үшін 50-60 теңге аралығында болды, ал қала бойынша орташа баға 70-90 тг/кг құрайды.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерімен қатар, 120-дан аса мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 25 мыңға жуық астаналыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына спектакльдер, концерттер, суретшілердің көрмелері ұсынылды.

Сонымен бірге, өңір әкімдерінің зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, спорттық және ойын-сауық шаралары өткізілді.

30 қырқүйекте Ақтөбе облысы өкілдерінің қарттар және балалар үйлеріне арнап өткізген қайырымдылық шарасы «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» акциясының әлеуметтік бағытын аша түсті.

Еліміздің барлық аймақтарының ауыл шаруашылық өнімдерінің қорытынды жәрмеңкесі және оңтүстік астананың өкілдері ұйымдастырған мәдени бағдарлама «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» акциясын қорытындылаушы кезең болды. Алматы қаласының мәдени күндері шеңберінде 46 қараша аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары «Алматы - тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесін тамашалады, онда еліміздің ең ірі мегаполисінің тарихы мұражайының қорынан экспонаттар ұсынылды.

Барлық шаралар өткен кезеңде елорда әкімдігі халықты хабардар ету бағытында ауқымды ақпараттық науқан жүргізді.

Дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері елордалық тұтынушылар үшін де, аграршылар, фермерлер, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін тиімді болды. ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың оң қарқынын ескере отырып, елорда әкімдігі өңірлік ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің қатысуымен осындай жәрмеңкелерді тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешім қабылдады.