Қазақстан Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі кеңес қараша айының басында өтеді

Қазақстан Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі кеңес қараша айының басында өтеді
Фото: mid.gov.kz

ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша туризм жөніндегі Кеңес биыл қараша айының басында өтеді. Кеңесші орган отырысында отандық туризмді дамытудың өзекті мәселелері талқыланатын болады. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП жұмыс тобының атқарған істерінің және туризмді дамыту мәселелеріндегі проблемаларды шешу жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмыс қортындылары талқыға түседі. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің сайтында жарияланды.

ҚР Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі Кеңес әр тоқсанда бір рет өтіп тұрады. Еліміздің туристік қоғамдастық өкілдері аталмыш Кеңесте талқылау үшін өз ұсыныстары мен сұрақтарын ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментіне жолдай алады.

Айта кетейік, ҚР Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі Кеңес кеңесші орган болып есептеледі. Оның құрамына Үкіметтің, қоғамдық ұйымдардың және туристік саланың өкілдері кіреді. Кеңес отырысында ҚР туристік саласын дамыту жөніндегі ұсыныстар қабылданады.

T. Кіршібаев