«Адамзаттың Абайы» көрмесі Атырауда жалғасты

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жырлаған Абай – жалпы адам баласының рухани және материалдық теңдігін аңсаған ақын, ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы «Адамзаттың Абайы» көрмесімен Атырау қаласында өткен «Абай кеші» қайырымдылық гала-кешіне қатысты. Кешті ұйымдастырушы – Қоғамдық сенім қоры.

«Renaissance Atyrau» қонақ үйінде өткізілген шара Абай қорық-мұражайы ұйымдастырған көрмеден басталды. Абай жерінен келген көрме материалдары шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырды.

Көрмеден кеш қонақтары Абайдың 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған жәдігерлердің түпнұсқасын көріп, әлем тілдеріндегі Абай шығармаларымен танысты. Абайдың ел басқару ісіне араласқаны, сонымен қатар Облыстық санақ комитетінің, Ресей географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің, балалары - Ақылбай, Мағауиямен қаладағы Бастауыш білім беруге қамқорлық қоғамының мүшесі болғаны көрмеде кеңінен көрсетілді. Сондай-ақ Абайдың екі фотосуретінің және ұлы Мағауияға жазған хатының тарихы көпшіліктің қызуғышылығын арттыра түссе, шетелдік қонақтар Абайдың тек қазақ әдебиеті ғана емес шығыс, орыс, батыс әдебиетін біліп және аударма жасағанына үлкен таңданыспен қарады.

Түркия, Голландия, Канада, АҚШ-тан келген қонақтар Абайдың туған жеріне, Абай қорық-мұражайына келуге ынта білдірді.

«Абай кеші» қайырымдылық гала-кешіне келген елшілер мен кәсіпкерлер, Атыраудағы жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері, қаланың зиялы қауымы ақын мұражайына өз алғыстарын білдірді.

Абай қорық-мұражай қызметкерлері келген қонақтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізді. Қоғамдық сенім қорының төрайымы Ж.Қожаназар бастап ұйымдастырған «Абай кеші» қайырымдылық шарасы Абай әндері, Абай туралы түсірілген деректі фильм, викторина, аукцион, лотерея, «Тарбия» сән көрсетілімімен жалғасты. Абай мұражайы алдағы уақытта да Қоғамдық сенім қорымен шығармашылық қатынастарды дамыту бағытында жұмысын жалғастырмақ.

Жоғары дәрежелі маман Р.Елекенова