Қазақстанда сыртқа шығу туризмі саласында азаматтардың құқығына кепілдік беру жүйесі енгізілуде

Қазақстанда сыртқа шығу туризмі саласында азаматтардың құқығына кепілдік беру жүйесі енгізілуде
Фото: militarytour.ru

Қазақстан Республикасының Үкіметі туроператорлар өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс орындамаған жағдайда қазақстандық туристерді елге қайтару мәселелерін реттейтін қаулы жобаларын қабылдады. Бұл туралы primeminister.kz сайтында жарияланды.

Соңғы жылдары туроператорлардың кесірінен қазақстандық туристердің шетелдерде жатын орындары мен қайту билеттерінің ақысы төленбей қалып қоятын жағдайлары жиілеп кетті.

«Енді осындай жағдайлар орын алған жағдайда «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры қазақстандық туристерді уақытша қалып қойған мемлекеттен елге қайтару үшін тиісті шараларды қабылдайды. Аталған жүйе банктік кепілдіктің болуын міндеттейді: туроператорлар үшін – 5 мың АЕК (10 млн 605 мың теңге); әуе кемесін жалдаушы-туроператор үшін – 15 мың АЕК (31 млн 815 мың теңге)», - деп түсіндірді ҚР ИДМ-де.

Қазақстан Республикасының туристерін елге қайтару үшін арнайы есепшот ашылады. Ол туроператормен немесе әуе кемесін жалдаушы-туроператормен әзірленген және Қазақстан Республикасының азаматына турагент арқылы сатылатын әрбір туристік өнімнен аударылған – 0,5 АЕК (1 061 теңге) құралады.Еске сала кетейік, жобаны туризм жөніндегі Кеңес, Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және тіркелген бірлестіктердің мақұлдауымен бекітілді.Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Қазақстан Республикасы азаматтарына туристік компания туралы, туристік өнімдерді сатып алуда және «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры арасында жасалған шарт туралы ақпаратты анықтау қажеттігіне ерекше назар аударуды сұрайды.Ұсынылған жаңалықтар ресми жарияланғаннан соң 10 күннен кейін күшіне енеді.

T. Кіршібаев