«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасалған

«Азаматтарға арналған үкімет» арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұйымдастыруда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін көтеруге ерекше мән беріліп отыр. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының сайтында жарияланды.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері орнатылған. Фронт-офистеріді Брайль мәтініндегі ақпараттық тақташалармен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, жақын арада көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар орнату жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметтерін 1 және 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік корпорацияның фрот-офистеріне бармай-ақ ала алады.

Азамат мобилдік топты шақыру үшін Біріңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне телефон шалу керек. Мемлекеттік корпорация қызметкері оған 72 сағат ішінде барады.

Жыл басынан бері мобильдік топ 20 499 мүмкіндігі шектеулі жандарға барып, 28619 қызмет көрсетті. Олардың ішінде жылжымайтын мүлік пен құжаттандыру бойынша қызметтерге, электрондық анықтамаларға сұраныс көп.

Мүгедектер үшін көптеген қызметті он-лайн режимде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары он-лайн режимде мемлекеттік корпорацияға беріліп, осында барлық жәрдемақылар мен төлемдер түрі белгіленіп, оның төленуі ұйымдастырылады. Бұл Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі мен орталықтандырылған мүгедектік мәліметтер базасын біріктіру нәтижесінде мүмкін болып отыр. Өтініш қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымы болмайды, ал жеке басын куәландыратын құжат жөніндегі, тұрғылықты жері бойынша тіркелу мәліметтерін жеке азаматтардың мемлекеттік электрондық мәліметтер базасынан электрондық үкімет шлюзі арқылы алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында әр түрлі қызметтерде 360 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн.

Қазақстанда 571 685 мүгедек тіркелген, оның 293 665-і - 1 және 2-топтағы, 210 421-і - 1 және 3-топтағы және 67 579-і мүгедек балалар. Оларды әлеуметтік жағынан мемлекет қамтамасыз етіп отыр, жәрдемақалар мен әлеуметтік төлемдерді өз уақытында аудару мен төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы маусымдағы Жарлығымен мүгедектер күні белгіленді. Ол жыл сайын қазанның екінші жексенбісінде атап өтіледі.