Елбасы іске қосқан фабрика

Елбасы іске қосқан фабрика
Фото: baq.kz

Бозшакөл – Ертіс өңірінде мыс концентратын өндіретін  алып кәсіпорынға айналмақ. Павлодар облысының қоғам өкілдерімен бейнекөпір режимінде кездескен Елбасы топырақты кен фабрикасы – «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-ін іске қосты. 

Каолинизацияланған кенді өңдейтін фабриканы іске қосу 2016 жылдың төртінші тоқсанында-ақ алғашқы мыс концентратын шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Бозшакөл кен байыту комбинатындағы кенді қайта өңдеу қуатын 25-тен 30 тоннаға дейін арттырады.

Каолинизацияланған руда қайта өңделген соң, фабрика стандартты сульфидті байыту фабрикасына айналады. Кәсіпорын ұжымы Мемлекет басшысына фабриканың дайындығын сөз ете келе, бұның еліміз үшін тарихи маңызы зор оқиға екендігін атап өтті.

«Бозшакөл кен байыту комбинаты Қазақстан тарихына ең ірі кәсіпорындардың бірі ретінде кіреді. Ал, Павлодар облысы мыс өндіруші өңір болады». Бұл –кәсіпорын жұмысшы-қызметкерлерінің биік мақсатынан туындағын тұжырым. Қазір олар осы мақсат үдесінен шығудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Соны өрлеу, тың серпін бар.

Өндіріс ошағын іске қосқан Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымын бүгінгі жетістігімен құттық­тады. Елбасы өз сөзінде Бозшакөлде, қазақтың кең даласында 30 млн тонна кен өндіріп, оны мыс концентратына айналдыратын алып кәсіпорын салынатынын айтты.

«Бұл біздің барлығымыз үшін үлкен бақыт. Мен кәсіпорынның іске қосылу шарасына қатысып отыр­ғаныма ризамын», – деді Елбасы бейнекөпір режимінде сөйлеген сөзінде.

Дереккөз: economics.kazgazeta.kz

Б. Қанатұлы