ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені төмендетті

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізімен 12,5% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР ҰБ төрағасы Данияр Ақышев БАҚ-қа арналған баспасөз маслихатында айтты.

«Базалық мөлшерлеменің төмендеуі сыртқы нарықтың негізгі сегменттеріндегі оң серпінмен, сондай-ақ ішкі қаржы нарығындағы ахуалдың тұрақты болуымен байланысты. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жылдық инфляцияның нысаналы дәлізге жақындау қарқыны одан әрі расталып, валюталық құралдарды теңгемен құралдарға ауыстыру үрдісінің орнықтылығы сақталған жағдайда базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырады», - деді Д.Ақышев. 

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторлар ескеріле отырып қабылданды. 2016 жылғы 9 айда инфляция 5,6%-ды, жылдық көрсеткіш бойынша 16,6%-ды құрады. Ағымдағы жылғы қазан-қарашада жылдық инфляция күрт баяулайды деп күтіледі.

Осыған байланысты Ұлттық Банк жылдық инфляция 2016 жылдың қорытындысы бойынша жоғарғы шекке жақындайды, ал 2017 жылы жағымсыз күйзелістер болмаған жағдайда сенімді түрде нысаналы дәліз шегінде (6-8%) болады деп күтеді. Халықтың инфляциялық күтулері төмендеу үрдісін жалғастырды, оны халықтың арасында жүргізілген кезекті пікіртерім көрсетіп отыр. Нәтижелерге сәйкес, бағаның қатты өсетінін күтетін пікіртерімге қатысушылар үлесі азаюда.

Д.Ақышевтың айтуынша, шілде-тамыздағы мұнайдың әлемдік бағасының серпінінен болған инфляциялық және девальвациялық тәуекелдер қыркүйекте айтарлықтай төмендеді.

Нарыққа қатысушылардың девальвациялық күтулері төмендеуде, бұл валюталық тәуекелдерді хеджирлеу үшін пайдаланылатын жеткізілімсіз форвардтық келісімшарттар бойынша мөлшерлемелердің тұрақты төмендеуімен расталып отырады. Мөлшерлемелердің төмендеуі қысқамерзімді кезеңге және сол сияқты бір жыл аясына тән. 2016 жылғы тамызда экономиканың базалық салаларын дамыту үрдісін сипаттайтын қысқамерзімді экономикалық индикатор жылдық көрсеткіш бойынша 0,2%-ға өсті. Макроэкономикалық көрсеткіштер экономиканың сыртқы талаптардың өзгерістері мен айырбастау бағамының құбылмалылығына біртіндеп бейімделуін растайды. Қаржы нарығындағы ахуал тұрақты болып отыр. Ұлттық Банктің операциялары базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізі ішіндегі нарықтық пайыздық мөлшерлемелерді ұстап тұр. Пайыздық мөлшерлемелердің мерзімдік құрылымын (кірістілік қисығы) қалыптастыру процесі жалғасуда. Байқалып отырған оң үрдістерге қарамастан базалық мөлшерлеменің сараланған тәсілін талап ететін тәуекелдер сақталуда. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша мәселені одан әрі шешуі нақты және болжамдық инфляцияның траекториясына, сондай-ақ халықтың және нарықтың валютаға басымдық беруіне қатысты болады. Инфляциялық процестердің бәсеңдеуі мен жылдық инфляцияның орнықты төмендеу үрдісін растау және теңгедегі депозиттердің тұрақты өсуі кезінде базалық мөлшерлеменің ағымдағы жылдың соңына дейін төмендейтіні жоққа шығарылмайды»,  деді ол. 

Айта кетейік, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2016 жылғы 14 қарашада Астана уақыты бойынша 17.00-де жарияланды.

Алмас Мұқашұлы

Дереккөз: inform.kz