Мұнай көлемінің 60 пайызынан астамы Қызылорда облысына тиесілі

Соңғы жылдары қалыптасқан күрделі экономикалық жағдай аймақтағы мұнай-газ саласына да кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев.

- Бұл басқа өңірлерге қарағанда біздің аймаққа ауыр тиді, себебі, республика бойынша қысқарған мұнай көлемінің 60 пайызынан астамы біздің облысқа тиесілі. Яғни, 2015-2016 жылдары елімізде мұнай өндіру көлемі 4 млн.тоннаға кемісе, оның 2,5 млн.тоннасы біздің облыстың еншісінде. Бұл жағдай жер қойнауын пайдаланушыларды өздерінің инвестициялық бюджеттерін қысқартуға мәжбүрлейді және өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштерінің (2016 ж. 6 айында: НКИ – 90,8%), құрылыс жұмыстарының (НКИ – 62%) және өңір экономикасына тартылатын жалпы инвестиция көлемінің (НКИ – 70,6%) азаюына себеп болады,- деді Қырымбек Көшербаев.

Дегенмен басты саладағы көрсеткіштің төмендеуі тұйықтан шығар басқа жолды табуға, ізденуге негіз болатындығын атап өтті.

- Мұндай дағдарыс кезеңінің аймақ экономикасы үшін қажетті себеп болуы да мүмкін. Біз экономиканы әртараптандыру және жедел индустрияландыру қажеттілігі туралы Елбасы шешімдерінің өзектілігін шынайы сезіндік,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы экономиканың құрылымын өзгерту бір жылдық процесс еместігін және өңірдегі көмірсутек шикізаты мен мұнай бағасына әлде де ұзақ уақыт тәуелді болатындығына тоқталды.

- Сол себепті біз қазір Энергетика министрлігімен бірлесіп көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлауды және іске қосуды қарастырудамыз. Онсыз біз өңірдің тұрақты экономикалық дамуын сақтай алмаймыз, өйткені, шикізат секторы (мұнай, уран) біздің өңір үшін әлі де айқындаушы рөл атқарып отыр (өнеркәсіп құрылымында 74%). Бұл – шындық,- деді Қырымбек Көшербаев.

Дереккөз: baq.kz