Алматы облысының күндері аясында Астанада дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде

Алматы облысының күндері аясында Астанада дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде
Фото: ҚазАқпарат

«Қуатты өңір Қуатты Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысының Астана қаласындағы күндері жалғасуда. Шара бағдарламасына сәйкес, бүгін облыс әкімі Амандық Баталов елорданың Тәшенов көшесінің бойында орналасқан қазақ халқының ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, бүгін екі күнге жалғасатын облыстық ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесі де өз жұмысын бастады.

Еске сала кетейік, биыл Жамбыл Жабаевтың 170 жылдың мерейтойы әлемдік қауымдастық деңгейінде атылып өтуде. Ағымдағы жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Белград қаласында ақынның ескерткішін ашу салтанатына қатысқан болатын. Халық «Жыр алыбы» атап кеткен тұлғаның туған өңірі - Алматы облысында да мерейтойға арналған шаралар кешені өтуде. Астанадағы ақын ескерткішіне құрмет соның бір айғағы.

«Қуатты өңір қуатты Қазақстан» акциясы аясында екі күнге жоспарланған Алматы облыстық тауар өндірушілердің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі де бүгін өз жұмысын бастады. Бауыржан Момышұлы көшесі бойындағы Оқушылар сарайының жанындағы алаңда өтіп жатқан жәрмеңкеде елорда тұрғындарына жалпы көлемі 340 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерінің 38-ден астам түрі ұсынылады. Оның ішінде, ет және ет өнімдері, балық, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, жұмыртқа, бакалея өнімдері және т.б. еді. Тауарлар қаладағы бөлшек сауда бағаларынан 15-20 пайызға төмен сатылады. Бұдан бөлек, акция аясында кітап пен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, өңір әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер өтуде.

Сонымен қатар, Алматы облысының өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына мәдени бағдарламаларын ұсынатынын да еске салғымыз келеді. Айталық, бүгін елордадағы Конгресс-холл фойесінде «Талдықорған кеше, бүгін, ертең» көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Мұнда Талдықорғанның дамуының фототарихымен, қаланың көрікті жерлерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесімен, сондай-ақ Алматы облысында шығарылатын өнімдермен танысуға болады. Көрме соңы Конгресс-холл сахнасында Алматы облысы шығармашылық ұжымдарының «Жетісу - жұмақ мекенім» атты гала-концертіне ұласады деп жоспарланып отыр. 

Дереккөз: ҚазАқпарат 

T. Кіршібаев