Салафизмді заңмен тыйым салуға келгенде басқа стандарттарды алға тарту дұрыс емес - Қайрат Жолдыбайұлы

Салафизмді заңмен тыйым салуға келгенде басқа стандарттарды алға тарту дұрыс емес. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында дін маманы Қайрат Жолдыбайұлы осы мәселені көтерді.

«Бүгінгі заң жобасында меніңше, террорлық актілердің алдын алуға бағытталған заң нормалары көбірек қарастырылған деп ойлаймын. Экстремизм, шектен шығу, қоғам арасына іріткі салу, адамдарды қатыгездікке тәрбиелеуге қатысты нормалар тиісті деңгейде қарастырылмаған. Менің пікірімше, қоғам осыны күтіп отыр. Әрине, қару-жарақты, көші-қонды қадағалау дұрыс. Қаруды шектеу керек. Алайда, сана экстремизмге дайын болса, оған қандай да бір қарудың қажеті де шамалы. Бұған бір ғана мысал Францияда жүк көлігімен де жұртты таптап өте шыққанын білесіздер», - деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Бұл ретте дін маманы экстремизммен күрес жағын қатайтудың қажеттігін алға тартады. Сонымен қатар, Қайрат Жолдыбайұлы интернет сайттары арқылы әлі күнге түрлі экстремистік бағыттағы кітаптардың, әдебиеттердің өріп жүргеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жағын да көбірек қадағалау керек.

«Әрине, идеологияға идеологиямен қарсы тұрамыз деген дұрыс. Алайда, Қазақстанда бұрын «Таблиғи жамағат» деген ағым болған, ол идеология, еш жерде тіркелмеген ағым еді. Осыған біз заң арқылы тосқауыл қойдық, тыйым салдық. Ал енді тура сол секілді салафизм ағымына келгенде біз басқа стандарттар ойлап кетеміз. Неге бұлай? Идеологияға қарсы күрес үшін де мемлекеттен қолдау да керек, қаражат та бөлінуі керек. Осыны ескерсеңіздер», - деді Қ. Жолдыбайұлы.  

Дереккөз: ҚазАқпарат