«Оңтүстік» ИА кәсіпорындары 77 млрд. теңгенің өнімін өндірген

«Оңтүстік» ИА кәсіпорындары 77 млрд. теңгенің өнімін өндірді, деп мәлім етті бүгін Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік» индустриалды аймақ дерекциясының директоры Мұхтар Тұрабеков.

Оның айтуынша, 2016 жылдың алғашқы жарты жылдығында мұндағы жалпы өндіріс көлемі 10,1 млрд. теңге қаржыны құрап, ондағы кәсіпорындардың бюджетке келтірген пайдасының жалпы сомасы 740 млн. теңге болған. Ал индустриалды аймақ ашылған 6 жылдағы кәсіпорындардың мемлекет қазынасына қосқан үлесі 5,3 млрд. теңгені құрап отыр. 

«Басқарушы компанияның 2016 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша электр қуаты, су сату және инженерлік қызмет арқылы 34,4 млн. теңге пайда тауып, өткен 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 68 пайызға өсті», - деді М.Тұрабеков. 

Баспасөз мәслихатында ол облыстағы барлық индустриалды аймақтарда құны 186 млрд. теңгені құрайтын 160 инвестициялық жобаның 11976 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергенін айтып, оның ішінде, 80 жоба облысымыздың аудандары мен қалаларында орналасқанын жеткізді. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда аймақта 160 жобаның 52-уі жүзеге асқан болса («Оңтүстік» ИА-да 39 жоба және аудандарда 13 жоба), қалған 108 жоба алдағы екі жыл ішінде іске қосылмақ, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспсөз қызметі.

Осы жылдың соңына дейін 24 жобаны іске қосу жоспарланса («Оңтүстік» ИА-да 17 жоба, қалалар және аудандарда 7 жоба), 2017 жылы - 84 жобаны («Оңтүстік» ИА-да 24 жоба, қалалар және аудандарда 60 жоба) жүзеге асыру көзделуде. 

Осылайша, екі жыл ішінде, ашылған 108 жоба шеңберінде облысымызда 8079 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 151,8 млрд. теңге инвестиция экономика айналымына тартылады деп күтілуде.

Дереккөз: inform.kz