Нұрсұлтан Назарбаев алматылықтарды қаланың 1000 жылдығымен құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев алматылықтарды қаланың 1000 жылдығымен құттықтады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаланың 1000 жылдық мерейтойына орай Алматыға келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мемлекет басшысы "Алматы Арена" мұз сарайындағы "Алматының 25 шыңы" салтанатты шарасына қатысты. 

"Алматының 1000 жылдық мерейтойын алматылықтармен, қазақстандықтармен қатар әлем қауымдастығы атап өтеді. Бұл тарихи дата ЮНЕСКО-ның мерейтойлар күндерінің күнтізбесіне енгізілді. Бұл шешім арқылы Алматының өңірлік жаһандық дамуының ерекше рөлі атап өтілген. Алатаудың етегіндегі қасиетті жер өзінің үлкен тарихында көптеген оқиғаларға куә, бұл жерден Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті, алпауыт Еуразияны жалғаған бірінші жалпыадамзаттық сауда магистралі Ұлы Жібек жолы өткен. 550 жыл бұрын Жетісудің барлық жері Қазақ хандығының бесігі болды. Мұнда Орталық Азияның барлық өңірінің ерекше урбанистік басты ошақтардың бірі пайда болды. Алматы ХХ ғасырда да ерекше рөл атқарды. 1929 жылы қала қазақстандық астаналардың эстафетасын қабылдап, миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Алматы егемен әрі тәуелсіз Қазақстанның бірінші астанасы атану құрметіне ие болды. Сондықтан қаланың 1000 жылдығында Отанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жалпыхалықтық деңгейде тойлауымыздың символикалық мәні бар", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Салтанатты гала-концертке ЮНЕСКО делегациялары, туыстас қалалардың өкілдері, қоғам қайраткерлері және әртістер қатысты.

Айта кетейік, бүгін қаланың әр бөлігінде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Кешкісін қала тұрғындары үшін Apple Fire отшашу мерекелік шоуы ұйымдастырылады. Қалалықтар мен қонақтар отшашуды қаланың үш нүктесінде сағат 21.00-де (Көктөбеде, "Астана" алаңында және "Алматы Арена" мұз сарайында) тамашалай алады.

 

О. Сансызбай