ОҚО басшысы Шымкентте азық-түлік белдеуін құруды тапсырды

Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылатын болады. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Елбасы тапсырмаларының орындалуына арналған кеңейтілген отырыста мәлім етті.

Сонымен қатар, жиында Шымкент қаласының әкіміне шаһардың даму жоспарына қатысты бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Агломерацияларды дамыту аясында облыс аудандары мен Шымкент қаласының арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістерді құру және халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі меморандумдарға қол қойылатын болады.

«Қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлық секторда шағын және орта бизнес белдеуін құруды тапсырамын. Сонымен қатар, жасыл белдеу құру мақсатында бақтар мен орман аймағындағы жерлерге толық тексеру жүргізілсін», - деді ол. 

Сондай-ақ, Елбасының тапсырмаларына орай, өңірдің және аудан, қалалардың аймақтық даму картасы жасалады.

Дерек көзі: inform.kz