ҚазҰУ-да «Мәңгілік ел» қақпасы бой көтерді

ҚазҰУ-да «Мәңгілік ел» қақпасы бой көтерді
Фото: massaget.kz

Білім күні қарсаңында қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінің алдында бой көтерген «Мәңгілік ел» қақпасының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты жиынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, көрнекті ақын-жазушы Олжас Сүлейменов, ЖОО түлектер ассоциациясының президиум мүшелері, студенттер мен оқытушылар, қоғамдық ұйымдар қатысты. Сонымен қатар ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен Риодағы додаға қатысқан университет студенттері де келді.

Бірінші болып сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек білім күні қарсаңында өткізілген маңызды шараларға тоқталып, осы күні ашылған «Мәңгілік ел» қақпасының бой көтеруімен құттықтады. Сондай-ақ осы қақпаның соғылуына мұрындық болған университет түлектеріне алғысын білдірді.

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым мен білімнің қара шаңырағы. Университет түлектері қай салада болсын тәжірибелі жұмыс жасап келеді. Олардың жасаған еңбектерінің арқасында еліміз үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Сондықтан олар бүгін қаражат жинап, ұшқан ұясын ұмытпай, жастар үшін осы бір сәулетті қақпаны орнатты. Оларға алғыс білдіреміз. Жақында университет студенті Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанды. Оның жетістігін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен университетіне сыйлаған зор жетістігі деп білемін. Рақмет, Дмитрий – деді қала әкімі.

Салтанатты қақпа Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын бейнелеп тұратын ҚазҰУ қалашығы жаңа архитектуралық кешенінің негізі бөлігі. Шара барысында көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменов те қатысып, «Мәңгілік ел» қақпасының сәулетіне таңданысын жасыра алмады.

- Сәулеті жарасқан қақпаның салынғанына таңданып тұрмын. Университеттің көрігін ашып-ақ тұр. Мұны жастардың білімге деген алтын қақпасы, алтын есігі деп атауға болады. Барлықтарыңызды осы бір архитектуралық тамаша қақпаның бой көтеруімен құттықтаймын, - деді.

ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Мәңгілік ел» қақпасының мәні мен маңызына тоқталып, қолдау білдіріп, демеушілік жасаған университет түлектеріне алғысын білдірді.

- «Мәңгілік ел» идеясын жастардың жадында сақтап отыру үшін осындай қақпа салдық. Осы уақытқа дейін біздің университет ірі жетістіктерге жеткенмен, құлпырып дамығанмен, өзінің осындай кірер қақпасы болмаған еді. Бүгін білім күні қарсаңында «Мәңгілік ел» қақпасы ашылды. Бұл архитектуралық жоба қала әкімі Бауыржан Байбектің, әріптестеріміз бен университет түлектерінің қолдауымен жүзеге асты. Қолдау білдірген, демеушілік жасаған барша жандарға ұжымның атынан, өзімнің атымнан зор алғысымды білдіремін, - деді Ғ.Мұтанов.

Салтанатты шараның ашылу салтанаты студенттердің би кешіне ұласты.

О. Сансызбай