ШҚО-да жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілуде

ШҚО-да жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілуде
Фото: 24.kz

Шығыс қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбалар өндіру көлемінің төмендегенін мәлімдеуде. Дегенмен мұның өзіндік себебі де бар.

Мамандардың түсіндіруінше, кен қоры кеміп, геологиялық жағдай қиындап барады. Сондықтан аймақта жаңа кен орындарын барлау шараларының өзектілігі артты. Облысқа биыл осы салаға 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінсе, ендігі соның 313 миллион теңгесі игерілген. Осы мақсатқа «Казцинк», «Востокцветмет», «Бақыршық тау кен өндіру орны» сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өз қаражаттарын да салып жатыр. Жыл басынан бері олар геологиялық барлау саласын 1,5 миллион теңгеге қаржыландырыпты. Бірлескен еңбек бүгінде оң нәтижесін беріп, өңірде болашағы мықты кен орындарының көздері анықталды.

Мағаша Сәдуақасова, облыстық индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы: - Бүгінде Жоғарғы Уба аймағынан полиметалл, ал Шемонаиха ауданында мысты-порфир кен орны анықталып отыр. Аягөз ауданында да жаңа кен орнын іздеу жұмыстары нәтижелі аяқталды. Сондықтан кен байытуға байланысты атқарылып жатқан шараларымыз текке кетіп жатқан жоқ.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы