Қазақстан мен Ресей полицейлері күш біріктірмек

Қостанай өңірі мен Ресей Федерациясының Орынбор, Челябі, Қорған облыстарының полицейлері өзара іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.

Енді олар заңсыз тауар айналымына жол бермей, есірткі тасымалына, экстремизм мен терроризмге қарсы бірлесіп күрес жүргізеді. Қазақстан мен Ресей шекарасы 7591 шақырымға созылып жатса, соның 1250-і Қостанай облысына тиесілі. Сала мамандары бұған дейін күш біріктіріп, халықаралық іздеуде жүрген 16 адамды қолға түсірді. Қостанай облысында ауыр қылмыс жасап, Ресей елінде бой тасалаған 7 қылмыскер да ұсталған.

РФ-ның Челябі облыстық ІІМ басшысы Андрей Сергеев: "Қазіргі таңдағы экономикалық жағдай, саяси үдерістер өзара ынтымақтастықтың негізін анықтайды. Айталық, көші-қон мәселесі, автокөлік бизнесі, сондай-ақ қылмыстық ахуалмен күрес бірлескен іс-қимылдарға жетелейді",- дейді.

Ал Қостанай облыстық ІІД басшысы Тілеген Мәткенов: "Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің ресейлік әріптестерімен бірлесе жұмыс істеуде қалыптасқан тәжірибесі бар. Егер күш біріктірмесек, біз еш нәтижеге қол жеткізе алмас едік. Тығыз байланыста жұмыс істесек, үйлестіруші топтар құрылса, ісіміз де алға жылжиды",- деп бұл бастаманың нәтижесі болатынын айтады.

Дереккөз: 24.kz