Біріккен Араб Әмірліктерінде Назарбаев бейнеленген марка сатылымға шықты

Қазақстан президенті бейнеленген марка Біріккен Араб Әмірліктерінде сатылымға шықты.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 қазаннан бастап Қазақстан мен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған маркалар айналымға шығарылды. Пошталық маркаларда екі елдің басшылары — ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Аль Нахаян бейнеленген. Марканың атаулы құны 200 теңге, таралымы — 10 мың дана. Суретін салған — Қуат Ибрайшин, марка 4 бояулы және перфорациясы жоталы. 

Айта кетейік, шығарылым түрі — маркалы парақ. Парақтың өлшемі 140х105 миллиметрге тең, ал өлшемі — 28х35 миллиметр, марка "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот Фабрикасы" Республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басылып шығарылды.

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 1 қазанында орнатылып, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара түсінушілікке бағытталып келеді.

Дереккөз: Tengrinews.kz