Түркияда жылжымайтын мүлкі бар адамдар сол елдің азаматтығын алады

Түркияда жылжымайтын мүлкі бар шетелдіктер сол елдің азаматтығын ала алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Түркияның экономика министрі Нихат Зейбекчидің мәлімдеуінше, қазір осы қаулының жобасын жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. "Қолында біздің туымыз бейнеленген меншік құқығының куәлігі бар адамдардың әрқайсысы біздің азамат. Біз осы мәселеге қатысты салмақты жұмыстарды қолға алдық. Әзірше оның барлық тетігі анықталған жоқ, бірақ біз осы жерде жылжымайтын мүлкі бар адамдарға азаматтық береміз", - деді ол.

Зейбекчидің мәлімдеуінше, министрлер кеңесі бұл жөнінде хабардар, алайда қаулыны заңды күшіне енгізу үшін уақыт қажет. Экономика министрі шетелдіктерге баспана сатуды экспорттың бір түрі екенін айтты.

Айта кетейік, жаңа қаулы шетелдіктерге баспана сататын құрылыс фирмалары мен шетел азаматтары демалатын қонақүйлерге қатысты болады. Зейбекчидің айтуынша, осы салада қызмет етуші компаниялар мен елді валюта түсімімен қамтамасыз етушілер бұл құжаттың шеңберінде экспорттаушы фирмалар ретінде мамандандырылады.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтардың баспананы жиі сатып алатын елдерінің тізімі жасалды. Ол елдердің қатарында Болгария, Түркия, Латвия, Ұлыбритания, БАӘ мен Испания бар. Бұл тізімдегі алғашқы үш орында тұрған елдерде жылжымайтын мүліктің орташа құны шамамен 45-80 мың евро.