Қадырбаев пен Тажаяқов таяуда Қазақстанға оралуы мүмкін

Мәжіліс Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны бекітті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл конвенцияға Америка құрлығының 16 елі мүше болған, оған тағы үш ел қосылды. Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов бұл құжат Америкада сотталған қазақстандықтарды еліне қайтарып, жазасын осында өтеуге мүмкіндік беретінін айтты.

"Сотталғандардың пікірін, сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ-тың келісімін есепке алу керек және екі елде де сотталғандардың ісі қылмысқа жататын болу керек. Өлім жазасына кесілген болмауы да маңызды. (...) Егер АҚШ сотталған адамды беруге дайын болса, ол еліміздің Қылмыстық Кодексіне сәйкес жазасын алады", - деді Асанов.

"Егер осы құжатқа қосылсақ, АҚШ-та сотталған Тажаяқов пен Қадырбаевты елге әкелуге мүмкіндік туады. Бұған дейін Қадырбаевтың анасынан өтініш келіп түсті, Бас прокуратура оны АҚШ Юстиция министрлігіне жолдады. Әзірше жауап келген жоқ. Екі ел арасында келісім болмағандықтан, оның өтінішін қарамаған болуы керек. Бұл конвенция бекіту туралы грамотаны Америка мемлекеттері ұйымы бас секретариатына тапсырғаннан кейін 30-шы күні күшіне енеді. Осыдан кейін ғана америкалық тарап біздің өтінішті қарауы мүмкін", - деді Асанов.

Асанов тілшілерге Қыдырбаевтың анасының Бас прокуратураға 15 шілдеде келгенін айтты. Дегенмен ол хаттың мазмұнын айтуға қиналды. Өтініштің Қадырбаевты елге экстрадициялау жайлы екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, АҚШ-та Қазақстанның екі азаматы, студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқов жазаларын өтеп жатыр. Оларға 2013 жылы мамыр айында Бостонда болған жарылысқа қатысты істі тергеуге қасақана кедергі келтірді деген айып тағылған болатын.