Полицейлердің кәсіби біліктілігі детектор арқылы тексерілмек

Биыл құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекті рет аттестатциялаудан өтпек. Тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігін анықтау үшін бұл жолы полицейлерді шындықты анықтайтын детектормен тексеру жоспарланған, - деп жазды ktk.kz тілшісі.

Яғни сынақ күрделене түсейін деп тұр. Ішкі істер министрлігі бұл арқылы полицейлерді сұрақтың астына алып, қызметіне қатысты шындықты білуді көздеп отыр. Мәселен, «пара аласың ба?» «қылмысты жасыруға тырыспайсың ба?» деген сауалдар қойылады. Ал кейін алдыңғы аттестатциядағы сияқты тест тапсырып, өздерінің қаншалықты бабында екенін көрсетеді. Оған әддеттегідей бастықтар мен олардың орынбасарлары және 20 жылдан артық қызмет еткен полицейлер қатыспайды. Десе де, кезекті тексерудің нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз. Айта кетейік, 3 жыл бұрын кезектен тыс өткен осындай аттестатциялау шарасында 4 мыңнан астам тәртіп сақшысы біліктілігін дәлелдей алмай, жұмыстан қуылған болатын.