Ахметжан Есімовтің құрғақ уәделері

Алматы қаласын 7 жыл басқарған Ахметжан Есімов қызмет жылдарында көптеген игі істің басын қайырды. Атап айтар болсақ, қысқы Азия ойындарын өткізді, метроны ашты, көптеген ірі құрылыс нысанының бой көтеруіне ұйытқы болды және т.б. Осы секілді еңбек жылдарында жасаған барша жақсы ісін кешегі жазбамызда санамалап көрсеткен едік. Ал бүгін назарларыңызға Ахметжан мырзаның "айғайлап" айтып, – аяғына дейін жеткізбей кеткен жұмыстарын ұсынамыз. Бұрынғы әкімнің қандай уәделері орындалмай қалды?

1. Алматыға үш жаңа автовокзал салу

Есімов мырза өткен жылы журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында Алматыға жаңа үш автовокзалдың салынатынын мәлімдеген болатын. Оның алғашқысы Қалқамандағы 7-1 қалалық ауруханалар орналасқан ауданда бой көтереді деген. Сондай-ақ, осы ауданға метроны да жеткізетінін айтқан. Екінші автовокзал Рысқұлов даңғылы мен Құлжа жолының қиылысында, ал үшіншісі Қапшағай жолындағы Первомай бөгеті маңында салынуы керек еді.

2. Қоғамдық көліктерді экологиялық таза жанармаймен қамтамасыз ету

Бұл жайында қала әкімі 2012 жылдан бастап "қаттырақ" айта бастады. Дегенмен, үш жылда бүкіл қоғамдық көлікті газбен, электрқуатымен қамтамыз ете алмады. Әкім сондай-ақ, қала басшылылығы жеке тасымалдаушыларға газбен жүретін автобустар әкеліп береді деген болатын.

3. Алматы аулаларын видеобақылаумен жабдықтау

2013 жылы әкім екі жылда Алматы қаласында қылмысты азайту үшін, қаланың барлық ауласын видеобақылау камераларымен жабдықтаймыз деген. Бірақ айтылған уәде толығымен орындалмаған. Бостандық, Медеу аудандарының бірнеше ауласына әлі күнге дейін бірде-бір бейнекамера орнатылмаған. 

4. «Сайран» және «Мәскеу» стансаларын ашу

Қала басшысы метрополитеннің жаңа стансаларының құрылыс жұмысы жоспар бойынша жүріп келе жатыр және белгіленген уақытта өз жұмысын бастайды деп журналистерді бірнеше рет сендірген еді. Ал жаңа стансалардың ашылуын 2014 жылдың 1 желтоқсанына (ҚР бірінші Президентінің күнінде) белгілеген еді. Алайда, жаңа станcа пойыздары араға бес ай салып, 2015 жылдың 18 сәуірінен бастап жүйткіді. 

5. Тез жүретін автобустар

Екі жыл бұрын қала әкімі жергілікті тұрғындармен кездесуде 2015 жылы Алматыда «Орбита» ықшамауданынан шығыс автовокзалға дейін қатынайтын жылдам автобустар жүретінін айтқан.

6. Наурызбай ауданында әкімшілік орталығының құрылысы

2014 жылы Ахметжан Есімов қалаға жақында қосылған Наурызбай ауданының деңгейін көтеру туралы сөз еткен. Әкімшілік орталық және мектеп, емхана, аурухана және балабақша секілді әлеуметтік жобалардың құрылысын бастайтынын мәлімдеген.

7. Медбикелерге арналған жатақхана

Алматы әкімшілі екі жыл бұрын медбикелерге жатақхана салуды жоспарлаған. Бұл туралы бұрынғы қала әкімі емес, оның орынбасары Зәуреш Аманжолова хабарлаған болатын.

8. Екінші ХҚКО-ның ғимараты

Өткен жылдың 19 ақпанында есеп беру кездесуінде Ахметжан Есімов екінші Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын салып беруді уәде еткен. Ғимарат Құлжа жолында орналасатын болған.

9. Академиялық медициналық орталықтың құрылысы

2013 жылы экс-әкімнің қала сәулетшілері кеңесімен өткен жиналысында Алматы академиялық орталығының құрылысы туралы шешім қабылданған. Бұрынғы әкім бұл медицина орталығының құрылысына әлемдік компаниялар да жұмылдырылатынын айтқан.

10. «Қарқара» базарын қайта жаңарту

Осы отырыста әкім «Атакент» көрме кешенінің аумағындағы «Қарқара» базарына жөндеу жұмыстарын жүргізуді де қолға алған болатын. Оған қоса, әкім қаланың жоғарғы жағында көпқабатты ғимараттардың ретсіз орналасқанын, оларды бір ретке келтіруді тапсырған. Ахметжан Есімов бұл тапсырмаларды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласын көркейту туралы жиында тапсырғанын айтқан болатын.

11. «Қазақленд» туристік кешенінің құрылысы

Көк-Төбеде «Қазақленд» атты мәдени және туристік кешеннің бой көтеруі жоспарланған. Оның жалпы ауданы – 44 мың шаршы метр. Шығыс жағында жаңғақты орман көрініп тұруы керек болатын. Жаяу серуендейтін алаң, велосипед және скейтбордқа арналған жол да салынуы тиіс еді. Бұл жобаға 43,5 млрд. теңге жұмсалу жоспарланған еді.

12. Қала әуежайын кеңейту

Алматы әкімшілігі қала әуежайын кеңейту туралы жобаны мақұлдаған болатын. Жобаны қазіргі әуежайдың акционерлері дайындаған. Бұрынғы әкім уәде еткендей, толық жаңартылатын әуежай 2025 жылға дейін жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін болған.

13. 11 өрт сөндіру депосының құрылысы

«2011-2015 жылдар аралығындағы Алматы әкімшілігінің стратегиялық жоспарында» жыл сайын қалада тіркелген төтенше жағдайдың 85-90%-ы тілсіз жаудың кесірінен болатыны хабарланған. Қалада бар болғаны 13 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Бұл норма бойынша қала аумағының тек 50%-ын қамтып отыр. Норманы түгел орындау үшін Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар Министрлігінің талабы бойынша қалаға әлі 11 өрт сөндіру депосын салу қажет еді.

14. Дельфинарий құрылысы

Өткен жылдың маусым айында Алматы әкімдігі 2014 жылдың соңына дейін салынып жатқан жобаларды бітіріп, Орталық мәдениет және демалыс саябағында дельфинарий және мұз айдынының құрылысын бастау туралы хабарлаған болатын. Сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімов жобаның үлгісін мақұлдаған. Нысандардың жалпы ауданы 7300 шаршы метрді құрайтын. Дельфинарийдің ауданы 1000 шаршы метр, ол 750 орынға, ал мұз айдыны 900 адамға арналған болатын.

15. Алматы қаласындағы базар (барахолка) иелерін тауып, есімдерін жариялау

2013 жылы қараша айында орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Алматы әкімі ҚР Президентінің алдында Алматы барахолкасының иелерін тауып, есімдерін жариялайтынын уәде еткен. «Бұл ауданды бөліп, орнына ақша алған директорлар бар. Бұны ұйымдастырушылар Астанада да бар. Егер олар бұл істерін доғармаса, олардың кімдер екенін тауып, жариялаймын, сонымен қатар, олар беделді әрі танымал адамдар», – деп Ахметжан Есімов ашып айтқан. Бүгінде бұл да аяқсыз қалды.

Екі жазбаны салыстыра қарасаңыз, бұрынғы әкімнің атқарған жұмысы мен аяқсыз қалған істері шамалас екен. Бірақ біз бұрынғы әкімнің жақсылығын айтып тауыстық немесе орындалмаған уәделерін толықтай тізіп бердік деуден аулақпыз. Халық басшының жақсылығын ешқашан ұмытпайды, – құрғақ уәделерін де ұзақ уақыт есте сақтайды. Енді, бүгіннен бастап Есімов мырзаның жаңа қызметіндегі жетістіктері мен жалған сөздері жаңа дәптерге жазылатын болады. 

Естеріңізде сала кетеміз, өткен аптада ел билігінде маңызды ауыс-түйістер болды. Алматы қаласын 7 жыл басқарған Ахметжан Есімов "АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалып, орнына "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Бауыржан Бәйбек мырза отырған еді.