Ахметжан Есімов Алматы үшін не істеді?

Күні кеше Алматы қаласын 7 жыл басқарған Ахметжан Есімов "АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалып, орнына "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Бауыржан Бәйбек мырза отырды. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі бұрынғы әкімнің жасаған жұмыстары жазылған хабарлама таратты. Ендеше, алып қаланы алты жылдан астам уақыт алақанында ұстаған Ахметжан мырза еліне қандай еңбек сіңіріпті?

 16 мыңнан астам алданған үлескерлердің мәселесін шешіп берді. 7 жыл ішінде шамаммен 400 мыңға жуық тұрғын баспаналы болып, 7, 606 млн м² жерге тұрғын үй салынды. 2008 жылдан бүгінге дейін 117 білім ордасы мен 42 денсаулық сақтау бөлімдерінің ғимаратттары салынды.  

• Алматы метрополитенінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, халық қолына берді. Бүгінде бұл метрополитен күніне 35-37 мың адам тасымалдайды. 

• 2008 жылға дейін жеке кәсіпкерлерде болған муниципалдық қоғамдық көліктерді қолға алды. Бүгінде коммуналды меншік қарамағында 600 автобус пен 400-ге тарта такси бар. Оған 232 троллейбус пен трамвай және метроны қосыңыз. Қала жекеменшілігіне жататын қоғамдық көліктердің барлығы экологиялық таза. 2009 жылдан бастап жалпы жолаушылар ағымы 110 млн-ға көбейген.

• 2011 жылы 26 мемлекеттің спортшылары қатысқан Қысқы Азия ойындарын өткізді. 

• 2011 жылы А.Есімовтің бастамасымен Алматы базарларын (барахолка) көшіру басталды. Зерттеу барысында 74 базардың 34-і тыйым салынған аумақта тұрғаны анықталған. Бүгін заңсыз орналасқан базарлар орындарында жоқ. 

 2014 жылдың қорытындысы бойынша, Алматыда жалпы аймақтық өнімнің пайдасы 8 трлн тенгеден асып, рекордтық нәтижеге жеткен. Салыстыру үшін, 2009 жылды алар болсақ, жалпы аймақтық өнім бар-жоғы 3, 175 млрд. теңгені құраған. 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығының нәтижесіне көз жүгіртсеңіз, Алматы барлық салықтық түсімдерінің 33 пайызын берген. Алып қала бүгін ел бюджетінің қайнар көзіне айналды. 

• Алматы қаласының жалпы аумағы жеті жылда екі есеге ұлғайды. 

• Бес жылдан аз уақытта 31 жаңа шағын бекеттен энергетикалық сақина жасалды. Соның нәтижесінде қаланы электрмен жабдықтау тұрақталды. 2008-2015 жылдар аралығында 118 км жылу жүйесі, 500 км электр жүйесі және 190 км су жүйесі қайтадан жаңартылды. Нәтижесінде жылу жүйесіндегі апатты жағдайлар 32%-ға төмендеп, жүйелердің тозу үлесі едәуір азайған.

• "Алатау" киноконцерт залы және халықаралық "Сұңқар" шаңғы трамплині кешені салынды. Қалада спорттық нысандар бой көтерді. Жеті жыл ішінде «Ритц Карлтон», «Риксос», «Роял Тулип» атты қонақүйлер мен «Есентай Молл», «Достық плаза», «Мега» секілді ірі ойын-cауық орталықтары салынып, ел игіліне жарады. Алдағы Универсиадаға байланысты ірі құрылыс нысандары да бой көтере бастады», — деп жазылған хабарламада.

• Қазіргі таңда Алматыда 28 көлік жолдарының айырымы бар. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 32 километрді құрайтын магистралды көше де бар. 91 жерүсті және жерасты жүргіншілер жолы жасалған. 140 км жаңа жол салынып, 1265 км жолға жөндеу жұмыстары жасалған.

• Әлемге танымал сәулетші Ян Гейлмен бірлесіп, «Қала — көлік үшін емес, халық үшін» деген ұранмен қаланы безендіру тұжырымдамасы бекітілген. Бұл жаңа жоба өз жұмысын бастап кеткен.

• Сайран көлін қайта қалыптастыру қолға алынып, тазарту жұмыстарының жобасы жасалған. Соңғы жылда 39, 5 мың ескі және жарамсыз ағашты 120 мың жас ағаш алмастырған.

• Азия ойындарынан кейін Алматы қаласында ірі халықаралық жарыстар және экономикалық бағытта түрлі шаралар өткізілді.