Алматы облысындағы тауларда сел жүру қаупі әлі бар - Қазгидромет

Тауларда сел жүру қаупі әлі бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" кәсіпорнына сілтеме жасап. Синоптиктер таулы аймақтарда жылу қорының көптігіне байланысты ескерту жасады.

"Биік таулы аймақтарда жылу қорының көптігіне, қардың еруіне және жауатын жауын-шашындарға байланысты, 24-27 шілде аралығында Алматы облысының жекелеген таулы өзендерінде жаңбыр мен еріген қардың тасқыны қалыптасуы мүмкін, тауларда сел жүру қаупі бар", - делінген "Қазгидромет" таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, 23 шілдеге қараған түні Алматының Наурызбай ауданында сел жүрді. Қарғалы өзенінің су деңгейі көтерілгендіктен Қарғайлы және Таусамалы ықшамдаудандарын ішінара су басты. Селдің салдарынан Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандары зардап шекті. Сел болған аймақтан 900-ге жуық адам эвакуацияланды.