Стамбұлда Қабанбай батыр атында футбол турнирі өтті

Түркияның Стамбұл қаласында Түркия қазақтарының дәстүрлі құрылтайы басталды. Оған биыл Анадолы жерінде тұратын қандастарымызбен бірге Еуропа мен Қазақстаннан арнайы келген қонақтар да қатысуда, деп хабарлады 24.kz. 

Қазақ мәдени қорының ұйытқы болуымен өтіп жатқан биылғы алқалы жиын футболдан жастар арасында «Қабанбай батыр» турнирімен басталды. Ұйымдастырушылар өскелең ұрпаққа қазақ батырларын кеңінен насихаттау үшін олардың құрметіне жыл сайын бір спорттық шара өткізіп тұрады. Есте болса, былтырғы сайыс қазақтың хас батыры Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған болатын.

Футболдан бөлек осы жолғы бас қосуда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция мен ақындар айтысы да өтеді деп жоспарлануда. Ал 4 күнге созылатын Түркия қазақтарының құрылтайы қазақстандық әншілердің гала-концертімен аяқталады.