Астанада көше биінің VI халықаралық фестивалі өтеді

4 шілде күні Астана әкімдігі мен «United4» продюсерлік орталығы Астана күнін тойлау аясында «International Street Dance Session» көше биінің VI халықаралық фестивалін ұйымдастырады, - деп хабарлайды Bnews.kz порталы. 

Би сайысының басты қонағы – «Шаг вперед 3D» фильмінің жұлдызы Мэдд Чэдд. Қазылар алқасының құрамында танымал хореографтар бар. Нақтырақ айтқанда, ТНТ арнасындағы «Танцы», MTV-дегі «Звезды танцпола 2» шоуларына қатысқан Злата Масло, Джастин Бибер, Майли Сайрус, Пинктің клиптеріне түскен.

Фестивальдің жүлде қоры 2,5 млн теңгеден асады. Жаздың ең басты би бәйгесінде кез келген жастағы бишілер шеберлік байқасады. Өйткені жаңа бастағандар мен кәсіби бишілер үшін бидің әр бағыты бойынша номинациялар қарастырылған. Алаңда өнерпаздар көше билерінің хип-хоп, поппинг, локинг, вакинг, крамп және хаус сынды стильдерін көрсетеді.

Айта кетейік, көше биінің VI халықаралық фестивалі шілденің 4 күні сағат 19:00 Астана әкімдігі алдындағы алаңда өтеді.