Бүгін Ұлттық музейде "Музейдегі түн" шарасы өтеді

18 мамыр күні сағат 19:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» акциясы өтеді.

Акция 15 мамырда жастарға арналған флэшмобпен басталды. Шарада Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы және еліміздегі музей ісінің өткені мен бүгіні туралы театрландырылған қойылым болды. Еліміздің барлық өңірін аралаған «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны – Тайқазан салтанатты түрде Ұлттық музейге табысталды. Сондай-ақ, «Қазақстан» телерадиокопорациясы музей қорына Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған деректі фильмдер, басқа да құнды туындылар топтамасын сыйға тартты.

Ал 18 мамыр күні «Музейдегі түн» шарасына жиналған жұрт «Қазақ батырлары» атты арнайы театрландырылған экскурсияны тамашалап, әртүрлі тақырыптық көрмеге куә болады. Сонымен қатар, сала мамандарының дәрістерін тыңдап, жауһар жәдігерлер мен тарихи артефактілерге қатысты бейнероликтер, деректі фильмдер тамашалап, викториналық ойындарға қатысады.

Бұған қоса, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры актерлерінің соғыс туралы спектаклін тамашалап, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен магистранттарының «Алтын адам туралы аңыз» атты қойылымын көреді.

Акция аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына ерекше назар аударылады. Атаулы күндер интерактивті жобалар арқылы жан-жақты насихатталады.

Айта кетейік, 18 мамыр – Халықаралық музей күні әлем бойынша 1977 жылдан бері аталып өтіп келеді. Осы жылы Мәскеу мен Ленинград қалаларында өткен Халықаралық музейлер Кеңесінің 11-конференциясында халықаралық музей күнін атап өту жайлы ресми шешім қабылданған болатын.

Ал «Музейдегі түн» шарасы алғаш 1997 жылы Германияда «Lange Nacht der Museen» («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атпен өткізілді.  2001 жылы бұл идеяны Париждегі Лувр музейі қолдап, кейіннен ол әлемнің көптеген музейінде дәстүрлі түрде өткізіле бастады. 2014 жылғы 2 шілдеде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» халықаралық акциясы биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Ұқсас жазбалар:

Әбілхан Қастеевтің Музей-үйі ашылды

Криштиану Роналду өз құрметіне музей ашпақшы