«ҚХА – 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны - Тайқазан музей қорына табыс етіледі

15 мамырда сағат 18:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Халықаралық музей күніне орай ауқымды іс-шара өтеді. Соның аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «ҚХА – 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны – Тайқазан салтанатты түрде музей қорына табыс етіледі. Сондай-ақ, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған деректі фильмдер, басқа да құнды туындылар топтамасын музейге сыйға тартады.

Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы мен мүшелері, ғылыми-сараптамалық кеңесінің және мемлекеттік органдар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысады.

Мерекелік шара барысында Ұлттық музейдің алдындағы алаңқайда кәсіби би ұжымдары мен еріктілердің және моберлерден құралған 300-ден астам адамның қатысуымен флэшмоб өтеді. Онда Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы және еліміздегі музей ісінің өткені мен бүгіні театрландырылған қойылым арқылы сахналады.

Қойылым кезінде Қазақ хандығының тарихынан сыр шертіліп, «Мәңгілік ел» идеясы насихатталады. Сақ жауынгерінің киімдерін киген жастар сап түзеп, елге, жерге қорған болудың жарқын үлгісін көрсетеді.

Айта кетейік, «ҚХА – 20 ізгі іс» республикалық акциясында 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. 620 мың адамның қатысуымен 2500 игі іс атқарылды. Іс-шаралар Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, балалар үйінің тәрбиеленушілерін және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталды.

Әлеуметтік акция кезінде әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтеріп, қолданысқа берілді. 1000-нан аса ағаш отырғызылып, аймақтарда патриоттық акциялар ұйымдастырылды.