Алматыда қоғамдық көлікке арналған жолақ пайда болады

Алматыда қоғамдық көлікке арналған жолақ пайда болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Колеса" сайтына сілтеме жасап. Жолақ маусым айынан бастап пайдалануға беріледі.

Алматы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Талғат Әбдірахмановтың айтуынша, жолақ Абай даңғылы бойымен Достық пен Момышұлы көшелерінің арасында екі жақ бағытта болады. Жеке автомобильдерге бұл жолақпен жүруге тиым салынады, арнайы машиналар ғана дабыл жүйесін қосып жүре алады.

"Бізге маусым айының ортасына дейін уақыт берілді, оған дейін біз жұмыс істейміз. Ал 15 маусымнан бастап жол қозғалысы жаңа режимде жұмыс істейтін болады", - деді Әбдірахманов.

Сонымен қатар, ол дүкендер, банктер мен басқа да ғимараттардың маңынан көлік тұрағын салуға уәде берді.