- Негізгі бет
- Жаңа жыл – 2018
- Жаңа жылға арналған...
Жаңа жылға арналған шаш үлгісі
Бұл жылы кез келген шаш үлгісінің басты талабы – көлемді болуы. Шаш үлгісі сәнді болуымен қатар, ыңғайлы болуы керек. Жаңа жылға арналған шаш үлгілерінің түрлеріне тоқталамыз.
Қысқа шашқа арналған шаш үлгілері
Қысқа шашты бойжеткендерге арналған сәтті әдіс – шашты бұйралап, винтаж шаш үлгісін жасау. Мысалы, 20-жылдардағы стиль бойынша жіңішке толқын, биік таралған шаш, кекілдің орнына толқын жасау. Мұндай ретро стиль сәнде екенін ескеріңіз. Егер жаңа жылға дайындаған киіміңізге бұл шаш үлгісі келмейді десеңіз, шашыңызды әдемі қыстырғыштармен ерекшелеңіз. Әшекейдің киім үлгісіне сай келетенін немесе барлық киіммен жараса кететін алтын және күміс түсті түрін таңдаңыз.
Орташа ұзындықты шашқа арналған шаш үлгілері
Орташа ұзындықтағы шашты түйіп, бууға болады. Егер шашыңыздың табиғи көлемі болмаса, бір күн қалғанда түнде шашыңызды жуып, бірнешеге бөліп, оларды өріп қойыңыз. Бұл әдіс арқылы аздап көлем беруге болады.
Биыл минимализм стилі сәнде болғандықтан, стилистер жаңа жылды қарапайым шаш үлгісімен қарсы алуды ұсынады. Ол үшін шашыңызға жеңіл толқын жасаңыз немесе шашыңызды тарап, үстіңгі бөлігін әдемі қыстырғышпен қыстырып қойыңыз.
Жаңа жылға шашыңызға ірі толқын салып, өте көп көлем беру арқылы да шаш үлгісін жасауға болады.
Ұзын шашқа арналған шаш үлгілері
Ұзын шашты бойжеткендерге түрлі өрім жарасады. Биыл подиумдарда өрімнен жасалған түрлі шаш үлгілері орын алды. Олар бірнеше қабатты немесе бірнеше өрімді бір-бірімен байланыстырған түрлері болуы мүмкін.
Жоғарыда айтып өткендей, ретро стиль де сәнде болады. Мысалы, жоғары түйілген шаш, жұмсақ толқындар, көлемді кекіл және т.б. Алайда мұндай шаш үлгісі мереке өтетін жерге сай келуін ескеріңіз. Ұзын шашқа толқын жасағыңыз келсе, жіңішке емес көлемді түрін таңдаңыз. Сәнге гофре шаш үлгісінің қайтып оралғандығын айтқанбыз. Егер гофре шаш үлгісін ұнатсаңыз, оны жіберіп те немесе төменге жинау арқылы да жасауға болады.
А. Жапатова