Жаңа жыл – жаңа өмірдің бастауы

Жаңа жыл – жаңа өмірдің бастауы
Фото: massaget.kz

Көпшілік жаңа жылды жаңа парақтан бастаймын, өзіме жаңалық ашамын деп жаңа жоспарлар құрады. «Жаңа жыл – жаңа өмір бастауы» деген сөзді кім қалай түсінеді, соған байланысты. Мысалы, кейбір нәзік жандылар диета сақтанамын, шаш үлгімді өзгертемін деп сан құбылуы мүмкін.

Өміріңізге жаңалық ашу деген күнделікті іс-әрекетіңізден ерекше болуы керек. Мақсат қойып, оған жетудің дұрыс жолын табу қажет. Мақсатты құрылған соң, мынадай сұрақтарға жауап іздеу қажет:

  • Менің мақсатым орындалса, не болады?
  • Менің мақсатым орындалса, неден құр қалуым мүмкін?
  • Менің мақсатым орындалмаса, не болады?
  • Менің мақсатым орындалмай қалса, қандай өзгеріс болуы мүмкін?
Өткен өкпелерді өшіріп, жаңа жақсылықтарды қарсы алғанда ғана өміріңіздің жаңа парақтары ашылары анық. Реніштеріңізді біржола ысырып тастаңыз. Сіз реніштің бұғауынан шықпасаңыз, жаңа өміріңізді мұңға бояп жүресіз. Есіңізде болсын: Өткен өмірді тәтті естеліктермен еске алған жақсы!
Жаңа жылды қалай қарсы алса, сол жылғы өміріңіз соның ағысымен өтеді дегенді ұстанып, кейбіріміз сол күнді жақындарымыздың жанында, көңілді етіп өткізуге тырысамыз. Астамшылыққа салынып, бір жылғы тағдырыңызды бір-ақ күнге теліп қойған да абзал болмас. Керісінше, менің барлық күнім мереке деп өткізген күніңіз сәтті әрі құтты болмақ. Сол себепті, жаңа өмір құруды өзіңізден бастаңыз. Бәрі сіздің қолыңызда! 
Г. Берік