Жаңа жылда ренжісіп қалған адамдармен татуласудың жолдары

Өмірде көптеген түсініспеушіліктің нәтижесінде күтпеген жерден жанымызға жақын жандарды ренжітіп алып жатамыз. Оған жүздеген сылтау айтып, мыңдаған мысал келтіруге болады. Бастысы, сіздің ойыңыз түзу және тез арада қайта байланыс орнатқыңыз келеді. Бірақ қалай бастап, қандай әрекет жасарыңызды білмей жүрсеңіз... Біз сіздерге бірер кеңес айтамыз. 

Осындай қысылтаяңда алдағы келе жатқан Жаңа Жыл – таптырмайтын мүмкіндік. Оған бір аптадай уақыт бар. Бір қарағанда, ондай көп уақыт та емес. Көзді ашып–жұмғанша өте шығады. Дегенмен жоспарыңыз дұрыс бағытқа құрылған болса, ренжулі бір досымыздың көңілін табуға жетерлік. Көңілденсек, астымыздағы атымызды түсіп беріп, бір атым насыбайға бола өкпелеп қалатын қазақпыз ғой. Сондықтан осы мереке қарсаңында өкпелі досыңыздың көңілін табу жалғыз өзіңіздің қолыңызда.

Қызылды-жасылды мына жалғанда тосынсыйды жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Ойламаған жерден олжаға кенеліп жатсаңыз, несі жаман? Олай болса, өкпелі досымызға алдағы апта бойы жасырын сыйлық жасап жүруіңіз керек. Шошып кеткен шығарсыз? «Алдағы он күн бойы сыйлық жасасам, екі қалтамнан екі тиын қалмай қалады–ау» деп ойлап қалған шығарсыз. Ол сіздің патша көңіліңізге байланысты. Бір кішкене тәтті болса да көңілге үлкен медеу болмақ. Әлбетте, жақын досыңыз болған соң, нені қаттырақ ұнататынын бәрінен де сіз жақсы білесіз ғой. Жасырын сыйлығыңызды соған қарай ыңғайластырыңыз.

Ең қызығы, ренжіп бұртиып жүргенде, сізден сыйлық күтпейтіні анық. Оған уайымдамаңыз. Ең соңғы күні өзіңіз екенін айтқанда, Жаңа жылдан бұрын, жаңажылдық көңіл-күйді алып келгеніңізге рақмет айтып, шат–шадыман болып мерекені тойлайсыздар! 

Тағы бір кеңесіміз де артық болмас. Сізге көңілі қалған досыңыздың үйіне (ол үйінде болғаны жақсы болар еді), Жаңа Жыл күні білдіртпей, Аяз Атаның (жігіттер қауымы үшін), Ақшақардың (нәзік жандылар үшін) киімін киіп ап, жаныңызға сыйлығыңызды алып барып құттықтаңыз! Сөйтіп, Жаңа Жылды жақсы қарым–қатынаспен бастаңыздар! Енді, араларыңыздан қыл да өтпесін! Қой жылында, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туарына сеніп, бір–бірлеріңізді ренжітпей, аман жүріңіздер!
 
Сурет: th-th.facebook.com