- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Үш боксшымыз...
Инчхон-2014. Үш боксшымыз ширек финалға жолдама алды
Инчхонда өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарының жетінші күнінде қазақстандық үш боксшы алғашқы қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.
56 келіде өнер көрсететін қазақстандық боксшы Қайрат Ерәлиев алғашқы айналымда жекпе-жек өткізбей, ширек финалға жодама алды. Оның 1/8 финалдағы қарсыласы катарлық Отман Джумах Арбаби шаршы алаңға көтерілмеуі себепті, жеңіс жерлесімізге берілді.
Қайрат ширек финалда иорданиялық боксшы Мохаммад Абдельазиз Мохамм Альвадимен жұдырық түйістіреді. Иордания боксшысы алғашқы айналымда тәжікстандық Асрор Вохидовты 2:1 есебімен жеңген болатын.
81 келіге дейін салмақта шаршы алаңға шыққан Әділбек Ниязымбетов 1/8 финалда сириялық Ала Элдин Гоосунды айқын басымдылықпен ұтты. Есеп – 3:0.
Енді ол ширек финалда қытайлық Аолинь Чжанмен күш сынасады. Қытайлық боксшы 1/8 финалда Кувейт боксшысы әл-Фадли Ахмадты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.
91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Антон Пинчук қырғызстандық Сергей Паренконы 3:0 есебімен жеңді.
Енді ол келесі кезеңде өзбекстандық Рустам Тулягановпен жекпе-жекке шығады.
Естеріңізге сала кетсек, кеше 52 келіде сынға түскен жерлесіміз Ілияс Сүлейменов алғашқы кездесуінде таиландтық Чатчай Батдиден басым түскен болатын. Ілиястың 1/8 финалдағы қарсыласы - индонезиялық Хулио Бриа.
Бүгін Азия ойындарының жетінші күні өтуде. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 8 алтын, 9 күміс, 17 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: kazsport.kaztrk.kz
Н. Айдархан