- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Назира Әміржанова: "Ұсынылған...
Назира Әміржанова: "Ұсынылған әліпбидің кемшін және ұтымды тұстары туралы бірер сөз"
Кеше ғана ұсынылған жаңа әліпби әр түрлі пікір тудырды. Бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Бұл әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Пікірлер ауанына қарасақ, көпшілік қауым қарсы уәж айтуда. Әсіресе, тіл мамандары. Жаңадан ұсынылған әліпбидің кемшін және ұтымды тұстары туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Назира Әміржанова былай дейді...
Ұтымды тұстары мыналар:
1. Әлемнің кез келген жерінде отырып, бұл әліпбимен қарым-қатынас жасауға болады;
2. Экономикалық шығын аз болады.
Бұл аталғандар әліпбидің үлкен жетістігі. Ал кемшін тұстары мыналар:
1. Әліпби – күрделі. Жалпы әліпби 5-7 жастағы баланың санасына лайықталып жасалуы тиіс. Біз өзімізді ойлап, филологиялық немесе информатикалық әліпби түзуімізге болмайды. Әліпбиді ең алдымен тіл үйренуші үшін жасаймыз. Яғни тіл үйренушіге бұл әліпби қарапайым әрі жеңіл болуы тиіс.
2. Әліпби тілдегі нормалар жүйесіне бағынуы тиіс. Қазақ тілінде тілдік және коммуникативтік нормалар бар. Тілдік нормалар дегеніміз – орфографиялық, орфоэпиялық, фонетикалық, грамматикалық т.б. заңдылықтар.
3. Ұсынылған әліпби қазақ сөзінің орташа ұзындығын ұзартады. Сөз 30/40 пайызға ұзарады. салыстырыңыз: жаңғыру - zhangghyrw
4. Ұсынылған әліпби бойынша тілдің орфоэпиясы да уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Яғни ае, ое, ue жеке-жеке мәні бар графемалардың тіркесуі уақыт өткеннен кейін орфоэпиямызға кері әсерін береді.
5. Бас әріп мәселесі қандай болмақ? Қазақ тілінде ә, ө, ү әріптері сөздің басқы позициясында келеді. Сонда ае дегенді АЕ деп немесе Ае деп жазамыз ба?
6. Ұсынылған әліпби тілдің морфологиялық бөлінісіне әсерін тигізеді. Буынға бөлу қиындайды.
7. 2 түрлі сөздің 1 типте жазылуы: түнгі деген сөз tuengi (оқылуы туеңі)
Бұл кемшін тұстарды кезек-кезегімен осылай талдап жаза беруге болады.
Ұсынылған әліпбиде неліктен кемшін тұстар көп деген сұрау туады. Шындығында, әліпбидің жасалу принципіне, 1 әріп – 1 дыбыс принципіне мән бермегеннен және тілді компьютерге икемдеуден шыққан.
Бұл көрсетілгендер көзге бадырайып көрініп тұрғандар, ал біз әлі көре қоймаған тұстар қаншама?І