- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Massaget.kz «Интернет-дода» байқауының...
Massaget.kz «Интернет-дода» байқауының бірінші орын жүлдесінен бас тартады
13 қараша күні Астана қаласында «Интернет-дода» қазақ тілді интернет-ресурстарының тұңғыш байқауының қорытындысы жарияланған болатын. Шара Білім және ғылым министрлігінің қамқорлығымен ұйымдастырылған еді.
Жеңімпаздар анықталысымен-ақ қазақ тілді интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерде аталған байқаудың өтуі барысындағы күмәнді тұстары жайында дау-дамай шықты. Өз кезегімізде біз осы мәселеге байланысты кейбір жәйттарды анықтап, зерттеу жүргіздік.
Байқауды ұйымдастыруға мемлекеттен 6 250 000 теңге бөлініпті. Шараны өткізуге тендерді «Современный город» үкіметтік емес ұйымы жеңіп алған. Бұл ұйым жайлы қандай да бір ақпарат интернет беттерінде жоқ болып шықты, тек оның төрағасы Виктор Роганов есімді азамат екенін біле алдық.
Ал жеңімпаздар алған диплом беттерінде ұйымның ресми мөрі мен құзырлы өкілдің қолы қойылмаған. Жеңімпаздар мен қатысушыларға берілген сыйлықтар реті: MD328RS/A Ipad-ы, Ipad mini, Samsung планшеті және құны 3500 теңге болатын 17 дана Nokia 105 ұялы телефоны.
Байқау сайтына келер болсақ, байқаудың ресми сайтын жасау мен оған қолдау көрсетудің нарықтағы құны 100 000 теңгеге жетпейді. Ал жалпы байқауды ұйымдастыру шарасына жұмсалатын қаражат сомасы – 1 миллион теңгеден аспайды.
Барлық қатысушылар Астана қаласында өткен марапаттау рәсіміне өз қаражатын шығарып барған. Сондағысы, байқауға бөлінген қаражат қатысушылардың жол ақысын да төлеп беруге «жетпеген».
Байқаудың сайты болып табылатын «internet-doda» домені жеке тұлға атынан 2013 жылы 11 қазанда тіркелгені анықталды, ал байқау қорытындысы 2013 жылдың 13 қарашасында жарияланған.
Жалпы байқауға қатысуға бір ғана сайт өтінім бергені де анықталды (байқауға қатысуға біз өтінім бермедік), яғни бір ғана сайт қатысқан байқау өтпей қалуы тиіс еді. Ал өз кезегінде қатысушылардың бірде-бірі жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасында кімдердің болғанын білмейді. Қазылар алқасында нақты қандай адамдардың болғаны туралы мәлімет жоқ.
Сайып келгенде, «Современный город» ұйымы тендердің шарттарын орындамады, ұйым өзінің жауапсыздығы мен қатысушыларға деген құрметсіздігін ғана көрсетті. Байқаудың аты бар да, заты жоқ. Ұйымдастырушылардың мемлекеттік тілге деген мұндай әрекеті – қорлау болып табылады.
Massaget.kz сайты аталған «байқаудың» бірінші орын жүлдесінен бас тартады және сыйлығын қай уақытта болса да қайтарып беруге дайын.
Massaget.kz мемлекеттік тілді және өз халқын сыйламайтын күмәнді ұйымдардың байқауына қатыспайды.
Massaget.kz редакциясы
А. Құлтай