Жапонияда гуманитарлық ғылымдар оқытылмайды

Жапонияда гуманитарлық ғылымдар оқытылмайды
Фото: www.japantimes.co.jp

Жапонияда маусым айының соңына қарай экономикалық қысқартулар болды. Мұндай өзгерістер толқынында Жапонияның Білім министрі Хакубун Шимомура елдегі 86 университетке қоғамда сұранысқа ие салалар бойынша маман дайындауға ден қойып, гуманитарлық ғылымдарды қысқарту туралы хат жазды.

Токио және Киото университеттері қаулыға бағынбайтындарын бірден хабарлаған. Дегенмен Times Higher Education ақпаратына сенсек, 17 университет гуманитарлық ғылымдар бағытындағы бағдарламаларын жабатынын мәлімдеген. Одан бөлек, тағы 9 білім ордасы жаппай қысқартуға көшкен. Енді бұл ЖОО заңгер, экономист, саясаттанушы, әлеуметтанушы сынды мамандарды дайындамайды.

Жапония – білім беру саласы жоғары дамыған, экономикалық өсімі бойынша әлемде үшінші орын алатын ел. Мұндай қаулы Жапонияға қандай өзгерістер алып келуі мүмкін? Бұл туралы АҚШ-тағы Стоуни-Брук университетінің аға оқытушысы Ной Смит өз пікірін Bloomberg View бағдарламасында мәлім

деді.

«Қоғамдық ғылымдардан бас тарту елдегі экономикалық саясаттың өзгергенін білдіреді. Жапония өндірістік экономикаға қайтып оралмақ. Айта кетсем, 1960-1970 жылдары өндіріс концерндері Жапонияның дамуына үлкен септігін тигізген. Ал ел дамыған сайын қызмет көрсету салаларына ауысуға тырысады. Қаржы, консалтинг, маркетинг, сақтандыру салалары тауар шығармайды. Бірақ өндіріс орнын ұтымды ұйымдастыруға негіз болады», - дейді Смит.

Жапония – халық тығыздығы ең жоғары елдердің бірі. Білім беру саласындағы өзгерістер Жапонияны өндірісті елге айналдырып, жұмыссыздықты азайтуы мүмкін. Дегенмен жапон халқының 20%-дан астам бөлігі жасы 65-тен асқан азаматтар (жалпы халық саны – 127 миллион адам). Олардың өндірісте белсенді жұмыс істей алмасы анық. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін елдің туу көрсеткіші де күрт төмендеген. Қазір жапон қоғамы үйленіп, отбасы құруға асықпайды. Демографтардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Жапонияның халық саны 95 миллион адамға төмендеуі мүмкін. 

Ж. Өрісбай