- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- АҚШ-та тек зейнеткерлер...
АҚШ-та тек зейнеткерлер өмір сүретін қала бар
Қазір АҚШ-та жасы 55-тен асқандар ғана тұратын 20-дан астам қала бар. Мұндай жобаны алғаш рет 1940 жылдары Минск (Белорусь Республикасы) тумасы Бен Шлейфер жүзеге асырды. Оның социалистік утопиясы америкалық арманмен біріктіріліп, Youngtown (Жастар қаласы) қаласының негізі қаланады.
Бен АҚШ-тағы бірнеше қарттар үйін аралап, зейнеттегі азаматтарға жағдай жасалмағанын аңғарады. Ол Аризона штатында салынатын қала жобасын ұсынып, үкімет қолдауымен құрылыс жұмыстарын бастайды. Бастапқыда шөлейтті мекенге келіп өз тіршілігін жалғастырғысы келетіндер саны аз болған. Дегенмен Бен идеясын америкалық коммунист қарттар қолдап, келушілер көбейе бастайды.
1957 жылы Дэлл Вебб есімді америкалық миллионер Аризона штатынан өтіп бара жатып Шлейфер жобасына көзі түседі. Дэлл көп өтпей Янгтаун қаласынан бірнеше шақырым жерден жаңа қала салуды ойластырады. Ол қала атауына қатысты америкалықтардан түрлі ұсыныстар алып, соңыра Сан-Сити (Күн қаласы) деп атауды ұйғарады.
Сан-Сити қаласы Күн сияқты домалақ кейіпте салынған
Дэлл Вебб қаланың инфрақұрылымына көп қаржы бөледі. Ол үйлерден бұрын емхана, бассейн, гольф алаңдары мен спорттық кешендерді тұрғызады. Ақылды инвестор қала жарнамасына 400 000 АҚШ долларын жұмсап, болашақ тұрғындарды баурайды.
Дэлл 1962 жылы Сан-Ситидегі алғашқы 230 үйді сатқаннан кейін сұраныс деңгейі көтеріле бастайды. Қазір қала халқы 50 мыңға жетті. Ал салынған үйлердің саны 20 мыңнан асқан.
Қала мекенжайына тіркелу үшін АҚШ азаматының жасы 55-ке толған болуы керек. Ал қарттардың балаларына әке-шешесінің хал жайын білу үшін жылына небары 90 күнге келуге рұқсат берілген.
АҚШ-та зейнеткерлерге арналған автономды қалалар идеясының танымалдығы 1980 жылдары артады. Қазір Аризонадағы Феникс қаласының айналасында көптеген қалалар бой көтерген. Олардың әр қайсысында кем дегенде 10 мыңнан астам зейнеткер өмір сүреді.
Аризона штатының үкіметі бастапқыда америкалықтардың қалаға деген қызығушылығын арттыру үшін жергілікті салық мөлшерін төмендетеді. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету мемлекеттік сақтандыруымен үкімет арқылы төленеді. Қаладағы әртүрлі қоғамдық жұмыстарды қариялардың өздері ерікті түрде жасау мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, әрбір тұрғын өзінің қалаған жұмысымен айналысуына жағдай жасалады.
Ж. Өрісбай