Уақыттың сынынан өте алмағандар

Уақыттың сынынан өте алмағандар

Адам баласы ғылыммен айналысуда бір ғана мақсатты жадыда ұстайды: қайтсе де, адамзатқа тигізер шарапаты. Естісі бар, ессізі бар ғылыми жаңалықтарды көріп жүрсек те, дәл төмендегідей сұмдықтарды көрген-білгендер кем де кем шығар.

1. 2002 жылы BBC арнасында неміс ғалымдарының зерттеу еңбегі шықты. Олар келешекте аққұба, сары шашты адамдар азаяды, ал түбінде жоқ болады дейді. Ал жыл өткен соң New York Times газетінде мұны өтірікке шығарған мақала жазылды. Соңғы он жылда бұған қатысты көптеген зерттеулер жасалып, бұл әңгіме ел құлағында шулады.  

Ал 2007 жылы «Oxford Hair Foundation» (шаш бояуын өндіретін компания) зерттеуі қызғылт сары түс шашты адамдардың азайып келе жатқанын айтып, жар салған еді. Кейін бұл ойдың да тек шашқа жағатын бояудың жарнамасы екені белгілі болды.

2. Лондон университетi колледжінің математика профессоры және Нью-Йорк университетінде физика ғылымының профессоры Алан Сокал бір ғана өтірігімен әлемге танылды. Ол елдің ең мықты деген, абыройлы ғылыми журналына өтірікке құрылған зерттеу туралы мақала жазған.  

Бұл ісімен ол адамзаттың қарапайым дүниелерді ұмытып, ой-қиялымен аспанда "ұшып" жүргенін айтқысы келеді. Ол көптеген ғылыми терминдер қосып, адам түсінбейтін тақырып қояды. Нәтижесінде, «Social Text» атты абыройлы журналда сол мақала «жарқ» етіп шығады екен. Тақырыбы: «Шекараларды бұзу: Кванттық гравитацияның трансформативтік герменевтикасына». Ешқандай мәні жоқ бос сөздер ешкімнің де назарын аудармаған. Ал осы жағдайдан кейін Алан басқа бір журналға өзінің алдап-соққанын айтып мақала жазады...

3. 1983 жылы London Magazine журналында ағаш-қанішер туралы мақала шығады. Басылымда ол Индонезияда өседі делінген. Ағаш уының қуаты 25 шақырым жерде орналасқан тірі жандыны өлтіре алады деп те асыра айтылған екен. Мұндай ағаш шындығында да бар. Бірақ оның уы ол ағашқа жақындап, сүйенсе де әсер ете алмайды екен. Ары кеткенде де жәй ғана әлсіздік байқалады. Ал жапырағының дәмін татып көрген адам өліп кетуі де мүмкін болып шықты.

 

Ағаштың айналасы адам мен малдың өліктеріне тола деп те сықпыртқан соң, индонезиялық ғалымдар мұның шындыққа жанаспайтынын айтып, мақала авторын сабасына түсіріпті...

4. «Пилтдаун адамы» деп аталып кеткен белгісіздің бас сүйегі 1912 жылы табылған. Тасқа айналған қаңқалар ежелгі гуманойдтқа тиесілі екен деген мәлімдеме жасалады. Кейіннен осыған байланысты әр тараптан 250-ге жуық зерттеу жасалады. Ғалымдар ойлана келіп, мұны адам мен маймылға ортақ түр деп айтып салады.  

Тек 50 жылдан кейін ғана мұның тым ұзаққа созылып кеткен әзіл екені анықталады. Негізінде бас сүйектің жоғары бөлігі адамның да, ал төменгі: жақ сүйегі орта ғасырдағы орангутангтың сүйегі екені айтылыпты.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: mixstuff.ru, blogspot.com

А. Құлтай